Жанар Айжанованың күйеу баласы ренішін айтты

21 Желтоқсан 2020, 17:40
186158
Бөлісу:
Жанар Айжанованың күйеу баласы ренішін айтты
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «30 Leaders Meetup – тәуелсіз ұрпақ» мотивациялық форумында 23 жастағы видеограф, режиссер Қыран Талапбек форумға қатысушыларға өз тәжірибесімен, жетістігімен бөлісу кезінде айтты.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Қыранды 3 жасында ҚХР-дан ата-анасы балам қазақ болып өссін деген ниетпен көшіріп алып келген.

Көшіп келгенде өкінішке қарай, ана тілімді білмедім. Бұл менің намысыма қатты тиетін. Кейін алдымен ана тілімді үйрендім, ары қарай басқа тілдерді де меңгере бастадым. Кішкентай кезімнен камераға жақын болдым. Камераға түсіргенді ұнататынмын. Бәрі қызығушылықтан басталды. Кейін арман қуып Түркияға бардым. Оқыдым. Арманымды қуып, режиссер мамандығын оқыдым, - дейді ол.

Видеограф операторларды қатты құрметтейтінін айтты. 

Менің жаныма қатты тиетіні – операторлардың өнері бағаланбайды. Ол да бір өнер. Қай кезде болса да ол адамдардың жұмысы бағаланбайды. Бізді (тілші – операторларды) көргенде «сыйластықпен қарасын, біздің де қоғамда жақсы орны бар, олар да жетістікке жете алады» деген  образ болғанын қаладым, - деп айтты Қыран Талапбек.

Сөз арасында Түркияда әскери төңкеріс болып, оқу орны жабылып, қайта елге оралғанын айтты. 

Елге келген соң арманын қуып, кез келген жұмысты ала бергенін айтты. Яғни тойда түсірдік, жедел фотограф болдым, портфолио үшін тойханаларда тегін видео түсіріп бердім. Солай тапсырыс түсе бастады. 2014-2015 жылдары осы саладағы жұмысты бастадық. Кейін 2018 жылы Toyota компаниясынан видеороликке тапсырыс алдық. Әрине біз оны тегін түсіріп бердік. Тіпті өз қаражатымызды қостық. Бірақ ол менің алғашқы жобам болды. Осы жұмыс ұнағаны соншалық, әлемдік деңгейде тапсырыстар келе бастады. Біз видеороликтерді өз елімізде түсіріп, табиғатымызды мақтанышпен көрсете білдік, - дейді ол тәжірибесі жайында.

Жас режиссер осындай талпыныстардың арқасында қалай жетістікке жете бастағандарын өздері түсінбей қалғанын айтты.

Адам армандаса, тырысса, бәрі қолынан келеді. «Kyran films-те» 5-6 жігіт болып жұмыс істейміз. Әріптестерімізбен бірлесіп, әр адамның қолындағы смартфонның, оның камерасының мүмкіндіктерін аша алатын курс ұйымдастырдық. Курсты онлайн өткіздік. Қатысушылардың қателерін түзедік. 1,5 жыл бойы осымен жұмыс істедік. Осы жыл бойы 15 000 студентпен жұмыс істедік. Оның мыңға жуығы өздерінің влоктарын жүргізетін кәсіпкерлер. Осылайша, өз бизнесі үшін видео жасауды үйренді, - дейді Қыран Талапбек форумда.

Сондай-ақ, ол арман орындалуы үшін әрекет ету керек екенін айтты.

Егер біз өзімізге ұнайтын тақырыпты таңдап, сол тақырыпты соңына дейін жеткізе алатын болсақ, мүмкіндіктер өте көп. Сондықтан біріншіден, армандау керек, екіншіден, сол арманға жету үшін әрекет ету қажет. Себебі іс-әрекет болса, нәтиже де болады, - деп қорытындылады Қыран Талапбек.
Өзгелердің жаңалығы