Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жаңа оқу жылында қандай санитарлық талаптар сақталуы қажет екенін айтып берді.
Бүгінгі күні бас санитарлық дәрігердің қаулысы қабылданды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып науқаспен байланыста болған оқушылар болған жағдайда оларға синхронды қашықтан оқыту форматы ұйымдастырылады. Ата-аналардың өтініштері негізінде созылмалы науқастары бар балаларға медициналық ұйым анықтамалары негізінде асинхронды қашықтан оқыту форматы ұсынылады, - деп түсіндірді Каринова.
БҒМ өкілі атап өткендей, жоғарыда аталған оқушылар оқулықтармен, оқу контенті бар жүйемен, электронды журналдармен толық қамтылады.
Жиынтық бақылау жұмыстары мектептерде тапсырылады. Сабақтардың оқу ұзақтығы - 45 минут, - деді ол.
Мектептерде оқу процесінде қатаң түрде санитарлық талаптар сақталады. Вице-министр талаптардың негізгісіне тоқтала кетті:
- күнделікті термометрия,
- маска режимі, кварцтеу, желдету, дезинфекциялау жұмыстары,
- бұқаралық және қоғамдық іс-шараларды шектеу,
- бастауыш және жоғарғы сыныптарды араластырмау үшін әр уақытта берілетін үзілістер,
- ауысымдар санының артуы,
- педагогтар мен мектептердегі басқа да қызметкерлердің 100% вакцина алуы (медициналық қарсы көрсетілімі жоқ мұғалімдерді қоспағанда),
- бір сыныпқа бір кабинетті бекіту жүйесі.
Оның сөзінше, басқа да ақпараттар бойынша жергілікті атқарушы органдар оқу контенті бар цифрлық платформалармен мектептерді қамтамасыз етіп жатыр.