Жамбыл облысында желден қуат өндіру ісі қолға алынуда

24 Сәуір 2019, 17:00
2568
Бөлісу:
Жамбыл облысында желден қуат өндіру ісі қолға алынуда

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында табиғи қорлардан жаңартылмалы электр қуатын өндіру ісі қолға алынуда.

Әрқайсысының құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын желден электр энергиясын өндіру жобаларын «Wind Power city» және «Wind Electricity» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асыратын болатын. Бүгінде мердігер компанияларға Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылдық округі аумағынан жер телімі бөлініп берілді.

«Қазіргі таңда баламалы қуат көздерін көбейту мәселесі әлемнің дамыған мемлекеттерінің күн тәртібінде тұр. Еліміздегі осы бағыттағы жұмыстардың жандануына ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің серпін бергені рас. Ал біз қолға алған нысандардың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жоба нақты іске асқан кезде 24 азаматқа тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Оның барлығы-дерлік жергілікті тұрғындардан жасақталады», - деді Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Айта кетейік, бұл жобалар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. Қазіргі таңда ауданға 3,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Әзірге бұл жұмыстарға 7 адам тартылған.

Өзгелердің жаңалығы