Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында шеге өндірісі қолға алына бастады
24 Сәуiр 2019, 20:02 534

Жамбыл облысында шеге өндірісі қолға алына бастады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы ауылдан шеге шығарыла бастады. Жуалы ауданы Шақпақата ауылында тұратын жас кәсіпкер Еламан Пернешов шегенің бірнеше түрін шығаруда. Ол өз үйінің ауласынан шағын цех ашып, он-шақты ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған.

«Қазір шеге шығару жұмыстары Жамбыл облысының еш жерінде жоқ. Өңірімізге шеге өзге облыстардан, тіпті шет елдерден келетін. Ал шалғайдағы шағын ауыл Шақпақатадағы шеге өндірісі енді бағаны арзандатуға мүмкіндік береді», - деді жеке кәсіпкер.

Еламан Пернешов өзімізден шығып жатқан темір-терсекті өңдеп, отандық өнімді көбейтуді мақсат еткен. Қазір шағын цехта тәулігіне көлемі 70-тен 150 миллиметрге дейінгі 3 тонна шеге шығарылады.

Жамбылдық жеке кәсіпкер шеге шығарумен қатар, құрылысқа қажетті ағаш бағаналарын, темір-терсектің түр-түрін дайындайды. Тіпті, жуырда ауыл шаруашылығына қажетті жер жыртатын соқа құрастырған.

Қазіргі таңда жас кәсіпкер Еламан Пернешов шағын ғана цехын кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Ол кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында арзандатылған несие алып, өндірісін одан ары өркендетпек ниетте.

«Еламанның цехы ауыл ішінде болған соң, құрылыс материалдарын тұрғындарға қарызға да бере береді. Бұл бұрын құрылыс саймандары үшін аудан мен облыс орталығына сабылатын ауыл азаматтарына тиімді болып тұр. Кәсіпкер ісінің ауқымын ұлғайтып, өндірісін ірілендіремін десе, барынша қолдау-көмегімізді аямаймыз», - деді ауылдық округ әкімі Мұстафа Бектұрғанов.



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық