Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі айқындалды

25 Қараша 2019, 16:00
3647
Бөлісу:
Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі айқындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі айқындалғанын айтты. 

Бүгін ҚР Пралмент Сенатының отырысында "республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заң жобасы қаралды.

Заң жобасы 2017-2019 жылдарға арналған трансферттер туралы заңның қолданысы аяқталуына байланысты әзірленді. Жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге бағытталған. Трансферттердің көлемі Әдістемеге сәйкес есептелді. 

Министр 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің келесідей ерекшеліктерін атап өтті. 
Бірінші – жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру. Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды. Екінші – өңірлердің ерекшеліктерін ескеру. Ол үшін мектептер шағын жинақтылығы, ауыл шаруашылығының әлеуетті өнімдерінің көлемі, аумақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі секілді жаңа коэффициенттер енгізілді. Үшінші – жергілікті кірістердің өсу әлеуеті. Даму бюджетіне екі жаңа компонент енгізілді. Жергілікті бюджеттердің кірістері өскен жағдайда, даму бюджеті ұлғаяды. Үшжылдық кезеңде жалпы өңірлік өнімнің өсуі жылдамдаған жағдайда субвенциялы өңірлер қосымша коэффициенттер алады, - деді Дәленов.

Ұлттық экономика министрі бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған шығыстар жалпы сипаттағы трансферттерге берілгенін атап өтті. Бұл 2020 жылы – 624 млрд теңге, 2021 жылы – 651 млрд теңге, 2022 жылы – 664 млрд теңге. Жергілікті бюджеттердің жалпы шығыстарының көлемі 2020 жылы – 4,7 трлн теңге, 2021 жылы – 4,9 трлн теңге, 2022 жылы – 5,1 трлн теңге көлемінде айқындалды.
Заң жобасында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, медициналық мекемелердің күрделі шығындарына және мектептерді салуға жергілікті атқарушы органдармен бағытталуы тиіс бюджет қаражатының ең төмен көлемі бекітіледі.

Осыны ескере отырып жалпы сипаттағы трансферттер мынадай көлемде айқындалды:

бюджеттік алып қоюлар:
2020 жылы – 420 млрд теңге;
2021 жылы – 451 млрд теңге;
2022 жылы – 490 млрд теңге;
бюджеттік субвенциялар:
2020 жылы – 2 трлн 104 млрд теңге;
2021 жылы – 2 трлн 121 млрд теңге;
2022 жылы – 2 трлн. 125 млрд. теңге.

Министр 2020-2022 жылдары 13 субвенциялық және төрт донор өңір анықталғанын атап өтті.



Өзгелердің жаңалығы