Жүрек пен қантамырларды үнемі тексеріп отыру қажет – дәрігер

18 Мамыр 2020, 14:37
5080
Бөлісу:
Жүрек пен қантамырларды үнемі тексеріп отыру қажет – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ. Отандық дәрігерлер жүрек бұлшықеттері мен тамырлардың жағдайын үнемі тексеріп отыру қажеттігін айтады. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының ассистенті Жанар Ибакова аурудың қауіп факторлары, симптомдары мен ауруды қалай жеңуге болатындығы туралы айтып берді. 

Науқастар ауру симптомдары мен асқынуы туралы білгені оны ерте анықтау үшін жеткіліксіз көрінеді. Дәрігердің айтуынша, ауруды болдырмау үшін оның пайда болу себептері, белгілері мен онымен күресудің жолдары туралы білімнің болуы қажет. Артериялық қан қысымының деңгейі 140/90 мм с.б. жоғары болуы артериялық гипертонияның бар екендігінің белгісі.
Біз пациенттермен сөйлескен кезде көбіне қауіп факторлары туралы айтамыз. Бұл артериялық гипертония немесе басқа жүрек-қантамыр ауруларының дамуына әкелетін адам ағзасының, өмірі мен тіршілігінің ерекшеліктері - дейді Жанар Оңғарбайқызы.

Әр адам аса маңызды қауіп факторлары туралы хабардар болуы тиіс, өйткені олардың кейбіреуіне ол өз бетінше немесе дәрігердің көмегімен әсер етіп, осылайша артериялық гипертонияның пайда болуы мен оның асқыну қаупін азайта алады. Артериялық гипертонияның даму факторының басқарылмайтын факторлары бар, олар – жынысы, жасы, тұқым қуалаушылыққа бейімділігі. Сондай-ақ адамның психоэмоциялық жүктемеге, стресске реакциясы, артық салмақ, жүріс-тұрысы аз өмір салты, темекі шегу, алкоголь ішімдіктерін, тұз, майлар мен қантты мөлшерден тыс тұтыну секілді басқарылатын қауіп факторлары да бар. Осы факторлармен тиімді күреспейінше артериялық гипертонияның алдын алуға және емдеуге қол жеткізуге болмайды.

Егер артериялық қан қысымының деңгейін бақыламаса, оның көрсеткіштерінің жоғарылауына көңіл аудармаса және артериялық қан қысымын төмендету бойынша дәрігердің нұсқаулықтарын орындамаса – жүрек, ми, көз тамырлары мен бүйрек тарапынан ауыр асқынулардың пайда болуы мүмкін.
Дәрі препараттарын қосудың қажеттігі туралы шешім, дәріні  таңдау – тек қана дәрігер қабылдай алатын шешім. Дәрігердің тәжірибесі мен білімі әр пациент үшін дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Өз бетінше артериялық қан қысымын анықтау қиын емес. Өз ағзаңызды тыңдаңыз. Жүрек бұлшықеттері мен тамырларының жағдайына үнемі профилактикалық зерттеулер жүргізіп отыру қажет. Ол тіс дәрігеріне қаралған секілді, қалыпты түрде үнемі болуы тиіс. Бұл әсіресе қауіп тобындағыларға қатысты,-дейді ол.

COVID-19 алғаш тіркелген Қытайдың мәліметтері аурудың күрделі түрі дамыған немесе оның салдарынан өлімге әкелген пациенттердің көбінде артериялық гипертензия және қант диабеті секілді ілеспелі патологиялардың болғандығы дәлелденгенін естеріңізге саламыз.



Өзгелердің жаңалығы