Зейнетке шығар кезде волонтерлік қызмет өтілі есепке алынуы мүмкін

16 Наурыз 2021, 13:19
1442
Бөлісу:
Зейнетке шығар кезде волонтерлік қызмет өтілі есепке алынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ алаңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасын өткізу тақырыбы  аясындағы брифингте Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтты. 

Сондай-ақ, волонтерлерді ынталандыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы мақсатта заң шығару жұмысы жүргізілуде, онда жоғары оқу орындарына, арнайы-орта білім беру мекемелеріне түсу және азаматтық қызметке кіру кезінде басымдық алу бөлігінде волонтерлердің құқықтарын кеңейту ұсынылады. Сонымен қатар, зейнеткерлікке шығар кезде волонтерлік қызмет өтілін есепке алу, мемлекеттік мүлікті алуға жеңілдіктер ұсыну мәселесі қарастырылуда, - деді комитет төрағасы.

Қожахмет баяндағандай, Волонтер жылы аясында алғаш рет «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Өткен жылы оны Қазақстан, Ресей, Қырғызстаннан келген 48 белсенді волонтер алды.

Халықаралық волонтерлікті дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінде БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер қызмет етеді, оның ішінде 42 әйел және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен БҰҰ арасындағы әріптестік туралы келісім шеңберінде БҰҰ-ның түрлі агенттіктеріне жіберілген 7 волонтер, - деп айтты ол.

Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен волонтерлік кеңес жұмыс істейді, бүгін осы кеңестің кезекті отырысы өтеді.

Былтыр Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында алдағы жылдардың бірін волонтерлерді жұмылдырудың Халықаралық жылы деп жариялау туралы бастама көтерді. Бүгінгі таңда жауапты министрліктер мен БҰҰ оны ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Даму мақсатында еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы БҰҰ-ның тиісті қарарын қабылдау мәселесі қарастырылуда, - деп атады ол.



Өзгелердің жаңалығы