Зейнетақы қорындағы артық қаражатты жыл соңына дейін шешуге бола ма?

6 Желтоқсан 2021, 18:38
1791
Бөлісу:
Зейнетақы қорындағы артық қаражатты жыл соңына дейін шешуге бола ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында БЖЗҚ-дағы зейнетақы қорындағы артық қаражатты тұрғын үй депозитіне аудару туралы айтқаны белгілі. Осы жылдың соңына дейін зейнетақы қорында артық ақшасы барлар оны қандай мақсаттарға қолдана алады? Анықтап көрген едік.

Қаңтарда белгілі болады

ҚР ИИМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті салымды толықтырудағы бұйрық өзгерістерінің әзірлеушісі болып отыр. Алайда келісу кезінде Еңбек министрлігі құжатты қайта қарауға қайтарған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, БЖЗҚ-дағы артық қаражатты келесі жылдан бастап «Отбасы банкке» аударуға болады.

Жоба әлі қарастырылып жатыр. Шамамен 2022 жылдың қаңтар айында белгілі болады деп отырмыз, бірақ нақты уақыты белгісіз, - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз қызметі.

«Отбасы банктен» сұраңыздар

Жинақтаушы зейнетақы қорына байланысты көптің көкейін тескен депозит мәселесін алға тартып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына хабарласқанымызда, «Отбасы банктен» сұрауымыз қажеттігін айтты.

2021 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы күшіне енді. Заңға сәйкес азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделудің ақысын төлеу, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы берілді. Бұл құқықты зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын және болашақта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беретін жинақтарын қалыптастырған салымшылар пайдалана алады деп отыр.

Депозитке аударуға әзірге рұқсат жоқ

Ал «Отбасы банк» біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға ниет білдірген қазақстандықтар саны рекордтық көрсеткішке жеткенін алға тартты. Алайда жыл соңына дейін қордағы ақшаның артылған бөлігін депозитке аударуға әзірге рұқсат жоқ деп отыр. Олардың айтуынша, бірыңғай зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсатында пайдалануға болады.

Өзгелердің жаңалығы