Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабаққа қатысты мәлімдеме жасады

28 Қыркүйек 2020, 11:45
1577
Бөлісу:
Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабаққа қатысты мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде 16 сарбаз бен бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапты. Тағы 100-ден аса кісі жарақат алды. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады. 

Ақпарға қарағанда, Әзербайжан тарапы бірнеше танк пен тікұшағынан айырылғанымен, Таулы Қарабақтың бірқатар нысанын басып алған. Алғашқы қақтығыстан кейін Армения мен Таулы Қарабақ және Әзербайжанда жалпыұлттық мобилизация жүріп жатыр. Екі ел қақтығысқа бір-бірін айыптап отыр. Жағдайға байланысты Армения мен Әзербайжан басшылары мәлімдеме жасады.  

Арменияның қарулы күштері түрлі қару-жарақ қолданып, біздің елді мекендер мен әскери нысандарды атқылады. Дұшпанның шабуылынан бейбіт тұрғындар мен әскерилер арасында шығын бар. Әзербайжан армиясы да жауға қарсы соққы беріп жатыр. Олардың әскери техникасының көп бөлігі жойылды, - деді Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев.

Ал Армения Премьер-министрі Никол Пашинян өз кезегінде аймақта ірі соғысты болдырмауға шақырды. Түркияның ұстанымына алаңдаушылық білдіріп, халықаралық қауымдастықтан жағдайдың ушықпауы үшін күш салуды сұрады.

Мен Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобы елдерін және халықаралық қауымдастықты жағдайдың ауыр екеніне назар аударғым келеді. Таулы Қарабақтағы қақтығыстан Оңтүстік Кавказда ауқымды соғыс басталып, мұның соңы халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал, - деді Армения Премьер-министрі Никол Пашинян.

Ал Түркия тарапы болса, армян мен әзербайжан күштері арасындағы қақтығыстан кейін Арменияны қатты сынға алды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобын қақтығысты реттеуге шақырды.  

Түркия тарапы Әзербайжан елін толықтай қолдайды және оған жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз.  Бізді Арменияның Әзербайжан жері мен егемендігіне қарсы жүргізіп отырған әрекеті алаңдатады. Біз бұл жанжалды бейбіт келіссөздер арқылы шешуге болады деп санаймыз. Минск тобы елдері қақтығысты тоқтату үшін Арменияға ықпал етуі керек, - деді Түркия Президентінің баспасөз хатшысы Ибрагим Калын.

Айта кетейік, Таулы Қарабақ Әзербайжаннан тоқсаныншы жылдары бөлініп шыққан. Баку бұл өңірді күшпен қайтаруға тырысып, соғыс болған. 1994 жылы Ресейдің араағайындығымен уақытша бітім хаттамасына қол қойған. Ал биыл шілде айында Таулы Қарабақ пен Әзербайжан арасындағы шекарада тағы жанжал шығып, 18 адам қайтыс болған еді.

Өзгелердің жаңалығы