Үздік қазақтілді интернет-сайт байқауы жарияланды

22 Қыркүйек 2019, 12:59
3295
Бөлісу:
Үздік қазақтілді интернет-сайт байқауы жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Тұңғыш Президент Қорының жыл сайынғы Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» байқауы ашық деп жарияланады.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасының қоры үздік қазақтілді интернет-сайт байқауына өтінімдер қабылдауды бастайды. Ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы  Тұңғыш президенті – Елбасының қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

Байқау мақсаты – интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді сайттарды анықтап, қолдау көрсету, ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және интернеттегі қазақтілді контент үлесінің ұлғаюына ықпал ету.  

Қазақ тіліндегі ең үздік сайттар байқауы осымен төртінші рет өткізілгелі отыр. Өткен үш жыл қорытындысы бойынша  25 отандық қазақтілді сайт байқау лауреаты атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталады:

«Өткір тіл» — қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттайтын үздік сайт;
«Рухани азық» – қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын үздік сайт;
«Терең ізденіс» — қазақ елінің тарихын насихаттайтын үздік сайт;
«Шынайы өмір» – қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын үздік сайт;
«Спорт тынысы» — салауатты өмір салты мен спортты насихаттайтын үздік сайт;
«Білім бұлағы» — білім беретін үздік сайт;
«Жастар әлемі» — жастарға арналған үздік сайт;
«Аймақ айнасы» — үздік аймақтық сайт;
«Балаларға базарлық» — балаларға арналған үздік сайт;
«Ойын-сауық» —  үздік ойын-сауық сайты.

Әр номинация бойынша үздік сайтқа 385 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылады. Байқау қорытындысы жыл соңында шығарылады.

Байқау жеңімпаздарын белгілі қоғам қайраткерлері, қаламгер-журналистер және байқау құрылтайшыларынан жасақталған қазылар алқасы анықтайды. Сайттың мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі, қоғамға жалпы әсері – қазылар алқасы басшылыққа алатын негізгі өлшемдер. 

Байқауға ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын,  қазақ тілінде ақпарат тарататын және қызмет түрі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін кез-келген үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайт қатыса алады. Байқауға мемлекеттік органдардың, шетелдік ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының электронды нұсқалары (газет, тв, радио) қатыса алмайды.

Байқау ережесімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы қорының  www.fpp.kz  және Мемлекеттік тілді дамыту қорының  www.qazaq-found.kz сайтынан танысуға болады.

Байқау өтінімдері Мемлекеттік тілді дамыту қорының    электронды мекенжайына 2019 жылдың 20 қыркүйегінен 20 қарашасына дейін қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы