Өзбекстан жүк ағымын көбейтті - Қазақстан-Ресей шекарасындағы кептеліс себебі айтылды

17 Қыркүйек 2019, 12:48
3077
Бөлісу:
Өзбекстан жүк ағымын көбейтті - Қазақстан-Ресей шекарасындағы кептеліс себебі айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры, генерал Дархан Ділманов неліктен Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пунктерінде көлік кептелісі қалыптасатынын айтты.

"Өткізу пунктерінде неліктен автокөліктер саны көбейеді? Біз талдау жасадық. Бізде көліктер саны күрт көбейген 4 негізгі бекет бар. Олар: Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала, Сырым өткізу пунктері, Ақтөбе облысындағы Жайсан бекеті, Қостанай облысындағы Қайрақ өткізу пункті. Осы 4 бекет бүгінгі күні Қазақстан-Ресей бағытында көлік көп жүретін негізгі пунктер саналады. Біз жолаушылар мен көлік ағымының артуына дайын болмаған себебіміз, бүгінгі күні Өзбекстан жолаушылар мен жүк ағымын бірнеше есе көбейтті", - деді Дархан Ділманов отырыста.

Оның айтуынша, мысалы екі жыл бұрын тауар айналымы 1 миллиард доллар болса, қазір бұл көрсеткіш 3,5 есе артқан. Яғни, осыған байланысты автокөліктер саны 3 есе артқан, көлік кептелісі содан қалыптасады.

"Ашығын айтсақ, осы 3,5 миллиард доллар тауар айналымының қандай да бір бөлігі ғана бізде қалады. Ал қалғаны негізінен біз арқылы транзитпен Ресей Федерациясына өтеді. Бұның бәрі автомашинамен, пойызбен жеткізіледі. Олар осылайша Мәскеу, Санкт-Петербор сияқты қалаларға шығады. Өзбекстан негізінен азық-түлік тасымалдайды. Ал Ресейден Өзбекстанға құрылыс материалдары, ағаш пен басқа да қажетті тауарлар жеткізіледі. Яғни, көліктер екі жаққа жиі қатынайды. Кептеліс мәселесі алдағы уақытта шешімін табуы тиіс", - деді Дархан Ділманов берген сұхбатында.

Атап өтсек, бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында "2016 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы ҚР және РФ-ның шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" ҚР Заң жобасы қаралды.

Өзгелердің жаңалығы