Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында әскери тікұшақ құлады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, құлаған тікұшақ министрлікке тиесілі. Оқиға бүгін болған.
«2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырады. Онда 13 адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар бар. Зардап шеккендердің жағдайы анықталуда. 4 тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке қарай ұшқан. Ұшу түнгі уақытта метеорологиялық қиын жағдайда кешенді тексеріс және «Алтын жебе» арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында іске асқан», – делінген министрлік ақпаратында.
Видеода былапыт сөз бар! Оқырманымыз Қызылорда облысындағы тікұшақ апаты орнынан деп жіберген әуесқойлық түсірілім:
https://www.youtube.com/watch?v=xBrZH6Z5RiY&feature=youtu.be
Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығына сәйкес, ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды және ол оқиға орнына аттанған. Қазіргі уақытта екі тікұшақ Қызылорда қаласына қонды. Ал біреуі апат болған жерге ұшып барды. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, әуе апатының себеп-салдарын анықтау мақсатында тергеу бастады.
Қызылорда облыстық ТЖД баспасөз қызметінің маманы Айгүл Нұрманованың айтуынша, тікұшақ Жалағаш ауданының аумағында апатқа ұшыраған.
«Біздің басшылар оқиға орнында. Олар бір шешімге келмей, мән-жайы анықталмай ешқандай мәлімет бере алмаймын», - деді ол.