Вирустық пневмония кезінде нені ескерген жөн – дәрігер кеңесі

25 Шілде 2020, 15:00
34128
Бөлісу:
Вирустық пневмония кезінде нені ескерген жөн – дәрігер кеңесі
EX

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Вирустық пневмонияның әдеттегі пневмониядан ерекшелігі қандай? Коронавирус ауру белгілері білінген кезде бірден компьютерлік томографияға түскен дұрыс па? Өкпенің қанша пайызы зақымданған кезде ауруханаға жатқызылады?

Коронавирус инфекциясына антибиотик әсер етпесе, халық неліктен дәріхана кезіп кетті? Күзге қарай коронавирус инфекциясының тағы бір толқыны болуы мүмкін бе деген сұрақтарға Нейрохирургия орталығының меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург-дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев сұхбат барысында жауап берді. 

 - Қалай ойлайсыз, бізде қазір коронавирусқа қарағанда пневмонияның қаупі жоғары сияқты. Өйткені ауруханаға түскендердің 90%-да пневмония диагнозы қойылған екен. Сонда бұл вирус бірден өкпеге кетіп қалып жатыр ма? 

- Қазіргі таңда жүріп жатқан пневмонияның барлығында компьютерлік томографиядан немесе рентгенде вирустық пневмонияға сәйкес келетін белгілері болса, яғни матовый шыны байқалса, оны коронавирустық пневмония деп қабылдаймыз деген шешімге келді. Одан бөлек клиникалық көрінісі коронавирусқа келсе, иіс сезбей, тамақ құрғап, дене қызуы қатты көтерілетін болса, оның барлығын вирустық немесе коронавирустық пневмонияға жатқызамыз. Коронавирусты емдеу жөніндегі соңғы №10 клиникалық хаттаманың екінші қаралуында екі диагнозды ғана қалдырды. Оның ішінде коронавирустық дәлелденген пневмония және коронавирус ПТР тесті дәлелденбеген, бірақ клиникалық картинасы ұқсас пневмония деп осы екі кодты ғана қалдырды. Мұның барлығы коронавирус инфекциясынан туындаған пневмониялардың көрінісі. Басқа пневмония емес. 

 - Қазір адамдардың көбі пневмониядан үй жағдайында емделіп жатыр. Олар үйде емделеміз деп ауруын асқындырып алмай ма? 

- Расымен, қазір адамдардың көбі үй жағдайында емделіп жатыр. Бұл пневмониядан емделіп шығуға болады. Класификациясы бойынша адамның өкпесі 30%-ға дейін пневмониямен зақымдалса, ондай науқастарды үй жағдайында емдеуге болады. Оларға дене қызуын түсіретін дәрілер ғана беріледі және көп сұйықтық ішу керек. Дәрумендерді қабылдап, дұрыс тамақтану қажет. Оған қосымша емнің қажеті жоқ. Әдетте дене қызуы 4-5 күн 38,5-39 градусқа дейін көтеріліп, одан кейін қалпына келеді. 

Егер дене қызуы 5 күннен асып, өкпенің зақымдануы 50 пайыздан жоғары болса және науқасқа оттегі жетпей, сатурациясы 93-тен төмен болса, олар ауруханаға жеткізілуі керек. Одан бөлек ентікпесі 24-тен жоғары болса ол науқастар аурухана жағдайында емделеді. Сонымен қатар, қосымша сырқаттары бар және жасы 65-тен асқан науқастардың дене қызуы көтерілсе ауруханаға жатқызылуы мүмкін. Сондай-ақ оттегінің қосымша көмегін қажет ететін науқастар да ауруханада емделуі керек.   

 - Медицина пневмонияны бұрыннан емдеп келе жатқаны белгілі, мына вирустық пневмонияның одан ерекшелігі қандай? Адамдар неге тез өліп кетіп жатыр? 

-  Бұған дейін медицинада кездесетін пневмония ол көбіне пневмококк инфекциясымен шақырылады. Пневмококк бактериалды инфекция және антибиотиктермен емделеді. Ал қазір тарап жатқан вирустық пневмония антибиотиктерге көнбейді. Оны тек ағзаның өз иммунитеті жеңіп шығуы керек. Қазір жаңадан шығып жатқан вирустық дәрілер оған көмектеседі деген үміт бар. Бірақ олардың пневмонияны жеңді деген мағлұмат толық болмай тұр. Сонымен қатар, интерферон және иммунитетті төмендететін дәрілер вирустық пневмония кезінде адам ағзасын өзінің антиденелері шабуылдаған кезде беріледі. 

 - Вирустық пневмония өзге адамдарға жұға ма? 

- Әрине, бұл виурстық пневмония болғандықтан өзге адамдарға жұғады. Оны реанимация бөлімінде істейтін дәрігерлердің жұқтырғанынан көруге болады. Реанимацияда өкпесінің зақымдануы 50%-дан асқан науқастар жатады. Олар вирусты ауамен бірге қоршаған ортаға бөледі. Сол кезде қасындағы кісілерді ауыртуы мүмкін.   

 - Дәрігерлер коронавирус кезінде антибиотиктер әсер етпейтінін айтады. Алайда дәріханаларда антибиотик іздеп жүрген халық көп. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз? 

- Адамдардың антибиотик іздеп кетуінің бір себебі коронавирус пен вирустық пневмонияны бөліп қараудан болды. Өткен аптада Президент ПТР тесті расталмаса да вирустық пневмонияны коронавирус деп есептеу қажеттігін айтты. Бұл - өте маңызды әрі дұрыс шешім. Өйткені вирустық пневмония, оның ішінде коронавирустық пневмония антибиотиктермен емделмейді. Оның хаттама бойынша емделетін дәрілері бөлек. 

Бұрыннан келе жатқан пнемококктық пневмония жаз кезінде өте сирек кездеседі. Ол көктемде және күз кезінде болады. Сондықтан күз кезінде бізде пнемококктық пневмония қайтадан өріс алуы мүмкін. Міне, сол кезде адамдарға антибиотиктер қажет болуы мүмкін. 

 - Коронавирус жұқтырған азаматтардың көпшілігі рентгенге түскен дұрыс па, әлде компьютерлік томографиядан өту керек пе деп сұрап жатады. Бұған қатысты қандай кеңес берер едіңіз? 

- Бірінші кезекте клиникалық көрінісі бойынша температурасы 39-ға дейін көтеріліп, бес күн бойы түспесе, ішкен парацетамол, антигриппиндер көмектеспесе, әрине, адам 4-5 күн ішінде ауруханаға түсіп қалуы мүмкін. Егер өкпесінің 50 пайызы зақымданса, оны рентгеннен де көруге болады. 

Бастапқыда адамдар арасында көптеген түсінбеушілік болып, өкпесінде 5-10% аралығында өзгеріс болған кезде компьютерлік томографияға түсіп жатты. Қазіргі таңда ондайға барудың қажеті жоқ. КТ диагнозды нақты қойғанымен, ол адам ағзасы үшін күрделі. Өкпесі 30%-ға дейін зақымданғандар ауруханаға жатқызылмайды және 2-3 аптада өкпенің зақымдануы кері қайтады. Ол КТ-дан міндетті түрде өту керек дегенді білдірмейді. 

 - Жақында Денсаулық сақтау министрі елімізде 40-тан аса жүкті әйел коронавирустан көз жұмғанын айтты. Жалпы жүктілік кезінде немесе енді босанған әйелдер вирус жұқтырғанда қандай ем қабылдағаны жөн. Оларға ауыр препараттарды ішуге рұқсат етіле ме? 

- Жүкті әйелдердің ем қабылдауы да коронавирусты емдеу хаттамасына сай келеді. Одан бөлек жүкті әйел қандай ем қабылдау керегін терапевтпен бірге акушер-гинеколог анықтауы қажет. Сондай-ақ бұл командаға инфекционист те қосылуы керек. Олардың емі жөнінде артық сөз айтқым келмейді, өйткені осы сұхбаттан кейін жүкті әйелдер мен айтқан дәрілерді қабылдай бастауы мүмкін. Бірақ дене қызуын парацетамолмен түсірулеріне болады. 

 - Коронавирус жұқтырған кезде ағзада тромб түзілетіні айтылады, оны қандай жолмен емдеген жөн?  

-  Жақында мәскеулік профессорлардың сұхбаты шыққаннан кейін біздің халық жаппай дәріханадан қан сұйылтатын дәрілерді сатып алды. Оның ішінде клексаны, гепарині, фраксипарин, варфарин, ксарелто, тромбоасс сияқты дәрілер бар. Бұларды халық қандай әсері барына қарамастан ішіп жатыр. Адамда стресс болған кезде түрлі жаралар (язва) болуы мүмкін, мұндай кезде қанды қатты сұйылтып жіберсе, адам өміріне қауіп төнеді. Жоқ жерден текке қан ағып кетеді. Сондықтан коронавируспен ауырған кезде, әсіресе, қауіп тобындағы адамдар температурасы түспесе, өмірін сақтап қалу үшін клексан, ксарелто сияқты дәріні беруге болады. Оның барлығы дәрігердің қадағалауымен берілген жөн. Қазір дәріханалардың статистикасын қарайтын болсақ, қанды сұйылтатын дәрілердің жылдық сатылым көлемі өткен жылғыға қарағанда 100 есеге өскенін көреміз. 

Бұл дәрілерді жаппай іше беруге болмайды. Дәріні тағайындар кезінде оның пайдасы мен зиянын өлшеу керек. Егер қажет емес дәріні дәрігердің тексеруінсіз, тағайындауынсыз қабылдайтын болсаңыз, ағзаңызда бір жара болып, ол тесіліп, қан кетуі мүмкін. Бұл дәрілер өте ауыр, сондықтан оны дәрігердің тағайындауымен ғана қабылдаған дұрыс. Қауіп тобына жатпайтын және коронавирус ауруы жеңіл өтіп жатқан адамдарға бұл дәрілерді қабылдамаған жөн. Егер коронавирустың жеңіл түрі мен қан кетуді салыстырар болсақ, қан кету өте қауіпті. Бір түсінгенім, біздің халық аурудың алдын алғанды өте жақсы көреді екен. Егер қан қысымыңыз көтерілсе, қандағы қант деңгейі жоғарыласа, міндетті түрде профилактикалы скринингтен өтіп тұру керек. 

Жалпы мұндай кезде өкпеге арналған дене жаттығуларын жасаған анағұрлым пайдалы. Оның қарапайым түрі өте көп. Соның бірі - ән айту, оның да пайдасы мол.  

- Осы індеттен жазылып шыққан күннің өзінде оның қандай салдары болады? 

- Иә, қазір коронавирустан емделіп шығып жатқандар көп. Сырқаты ауыр болып, көз жұмып кеткендер де бар. Дегенмен көпшілігі ауруханада ем қабылдап, үйіне шығып жатыр. Үйге шыққан соң да адамды мазалайтын бірқатар мәселе бар. Ол қатты тершеңдік, жөтел және жалпы әлсіздік. Одан бөлек иіс, дәм сезбеудің кесірінен тәбеттің жоғалып кеткенін көпшілік айтып жатыр. Бұл сиптомдар 1-2 айда өздігінен кетеді. Жөтел болған жағдайда, әрине, терапевтке қаралып, жөтелді басатын дәрілерді алдыруға болады. Вирустық инфекция кезінде тершеңдік пен әлсіздік болады, уақыт өте келе олар қалпына келеді. Сондықтан оған қосымша ешқандай шара жасаудың қажеті жоқ. Одан бөлек адамдардың кейбірінде "қайтадан ауырып қаламын ба, өкпемде бірдеңе болып жатыр ма?" деген алаңдаушылық болады. Соны жеңе білу керек, егер қолыңыздан келмесе психотерапевт дәрігерге қаралып, психокоррекция жасатса болады. Оның да пайдасы тиеді. 

 - Көпшілік коронавирусты емдейтін Фавипиравир деген дәрінің әсері күшті дегенді де айтып жатыр. Осыған қатысты не айтар едіңіз? 

- Расымен, Фавипиравир дәрісі жайлы көп ақпарат тарап жатыр. Дегенмен нақты дәлелденген деректер жоқ, қазір ол клиникалық зерттеу ретінде өтуде. Егер пневмонияның орташа немесе ауыр түрі болса, алғашқы 72 сағаттың ішінде науқастың хаттамаға қолын қойып, келісімін берген соң берілуі мүмкін. Яғни науқас осы дәрінің халықаралық зерттеуіне қосылатынын растайды. Егер қолыңызды қоймай, келісім бермесеңіз, ол дәріні бермейді. Амбулаторлық жағдайда бұл дәріні қабылдаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ жүкті әйелдер бұл дәріні қабылдаса, өмірге әкелетін баласының ағзасында ақаулар болуы мүмкін. Сондықтан бұл дәріге сын көзқараспен қарай тұрған жөн.   

Одан бөлек қазір әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеп жатыр, оның ішінде Қазақстан да бар. Дегенмен әлі вакцина дайын емес, олар өңделу үстінде. Нақты әсері бар вакцина әлі шыққан жоқ, сондықтан екпе салдырам деген адамдар болса, күте тұрғаны дұрыс. 

 - Шетелдік дәрігерлер күзге қарай коронавирус инфекциясының үшінші толқыны болуы мүмкін деп жатыр, осыған қатысты ойыңызды білсек? 

- Ондай толқын әрбір мемлекетте болуы мүмкін. Одан, әрине, Қазақстан да тыс қалмайды. Күз мезгілі - әрбір инфекцияның қозатын кезі. Сол инфекциялармен қатар коронавирус инфекциясы да қатар келіп қалуы мүмкін. Оның статистикасы қандай болатынына Денсаулық сақтау министрлігі өздері болжам жасай жатар. Менің ойымша, бізде маусым кезінде нағыз толқын болды. Енді шамамен қазан, қараша айларына қарай дәл сондай толқын болады және ол 2-3 есе жоғары болады деген ойдамын. 

Әңгімеңізге рахмет!
     

Өзгелердің жаңалығы