Вице-министр індетке байланысты күзде жағдайдың қалай болатынын айтты

19 Мамыр 2020, 16:54
3425
Бөлісу:
Вице-министр індетке байланысты күзде жағдайдың қалай болатынын айтты
Фото: дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күзде COVID-19 инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында вице-министр күзде жағдайдың қалай боларын, қандай шара қолданылатынын айтты.

Күзде COVID-19 инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін. Ол кезде қандай шара қолдану керегін сол мезгілдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай қабылдайтын боламыз. Қандай да бір карантин шаралары қолға алынуы мүмкін, - деді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамында хлоры бар сұйықтықты жабық кеңістікте себу адам денсаулығына зиян екенін мәлімдеген болатын. Осы орайда Людмила Бюрабекова Қазақстанда қолданылып жүрген сұйықтықтардың неден жасалып, қалай қолданылып жүргеніне тоқталды.

Төтенше жағдай кезінде далада жасалған тазарту жұмыстары бас санитариялық дәрігердің нұсқаулығымен жасалған нақты ұсыныс бойынша жүргізілді. Онда ең алдымен, тазарту жұмыстары жууға арналған құралдармен жасалуы керегі айтылған болатын. Себебі, вирус жабысқақ, оны бір заттың үстінен сумен жуып тастаған дұрыс. Ал, мекеме ішінде, яғни жабық кеңістікте жасалатын залалсыздандыру жұмыстарының өз инстркуциясы бар. Мысалы, тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде мекемеде адамдардың болмауы, жұмыс біткен соң, арнайы ылғалды тазарту жұмыстарының жүргізілуі, бөлменің желдетілуі деген сияқты ережелері бар, - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, әр өңірдегі комиссия вирустан қайтыс болғандар мәселесін зерттеуге кіріскен. 

Қаза болғандардың дені ауыр дерті бар адамдар болғандықтан, барлық өңірде профильді мамандар тартылып, қайтыс болғандардың диагнозында COVID-19 коды тіркелген барлық жағдай зерттеліп жатыр. Ресми дерек бойынша, елімізде 35 адам вирус салдарынан көз жұмған. Барлық карантин шаралары аяқталған соң, біз қаза болғандар бойынша тұтас базаны қарап шығамыз. Сол кезде ғана нақты статистика бере аламыз, - деді ол.
Бұған дейін Бюрабекова бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың қазіргі жағдайына тоқталды.
Өзгелердің жаңалығы