Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан, яғни бүгіннен бастап коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталды.
Ресей Федерациясында өндірілген «Sputnik V» вакцинасымен Қазақстан халқын коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау басталды.
Вакцинаны алғашқылардың бірі болып Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният алды.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері вакцинаны елордадағы №6 қалалық емханада алып жатыр.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда 1 ақпанда халықты ерікті түрде вакцинациялау науқаны басталатыны хабарланған болатын.
«Sputnik V» вакцинасының алғашқы партиясы Қазақстанға 22 мың доза мөлшерінде кеше жеткізілді. Сондай-ақ, вакцина барлық аймаққа жеткізілетін болады.
Вакцинаны тек Қазақстан Республикасының ересек азаматтары ала алады.
Айта кетейік, КВИ-ге қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін 6 миллионға жуық адамды қамти отырып жалғасады деп жоспарлануда.