Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ДСМ Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев вакцинация паспортының дизайны өзгергенін айтты.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізілуде, онда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп әзірлеген eGov mobile мобильдік қосымшасының «цифрлық құжаттар» сервисінде электрондық «вакцинация паспортының» жаңа нұсқасы ұсынылды, - деді ол.
Есенбаевтың айтуынша, азаматтарға вакцинациялаудың барлық кезеңінен өткеннен кейін 3 тілде қолжетімді электрондық құжат беріледі.
Электрондық құжаттың жаңа нұсқасында туған күні, төлқұжат нөмірі, QR-код сияқты жаңа деректер қосылды. Құжат иесі сұрау салушы тарапқа QR-кодты ұсына алады, бұл құжаттың заңдылығын тексеруге көмектеседі. Кодты сканерлеу кезінде пациенттің вакцинациядан өткені туралы дербес деректердің таралуын қорғау мақсатында анықтамадағы деректер жасырылған науқастың вакцинациясы туралы деректері бар бетке көшу жүзеге асырылады, - деді ол.
Оның айтуынша, қажет болған жағдайда мобильді қосымшаны пайдаланушының телефондағы мессенджерлер арқылы өзінің электрондық құжатымен бөлісу мүмкіндігі бар.
EGOV mobile мобильдік қосымшасының «цифрлық құжаттар» сервисінде орналастырылған вакцинациялаудың электрондық паспортын ұсынуға мүмкіндігі жоқ адамның вакцинациясын растау үшін медицина қызметкері медициналық ұйымның ақпараттық жүйесінен басып шығарған қағаз жеткізгіштегі анықтаманы ұсыну мүмкіндігі бар, - деді Бейбіт Есенбаев.