Вакцинация: Адамдарда ешқандай күмән болмауы керек ­– дәрігер

21 Шілде 2021, 18:29
3932
Бөлісу:
Вакцинация: Адамдарда ешқандай күмән болмауы керек ­– дәрігер

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстары ерте басталғанымен, желіде желдей ескен дәлелсіз ақпараттар адамдарды адастыруда.

Көкшетау қалалық емханасының жұқпалы аурулар кабинетінің меңгерушісі Валентина Гришмановская вирустың жаңа штаммының қаншалықты қауіп төндіретіні және қалыпты өмірге оралуға КВИ вакцинасы қалай көмектесетіні туралы айтып берді.

Алғашқы кездегідей емес, адамдардың екпеге деген көзқарасы өзгере бастады. Бастапқыда жұртшылық вакцинацияға күмәнмен қарайтын. Негізінен дәрігерлер, мұғалімдер екпе алды. Қазір контингенттер әртүрлі, адамдар вакцинацияға саналы түрде қарай бастады деуге болады. Мен өзім жұқпалы аурулар дәрігері ретінде адамдардан вакцинацияға не үшін келгендерін міндетті түрде сұраймын. Біреулер жұмыста айтты дейді, бірақ басым көпшілігі – өздігінен шешім қабылдағандар. Бұған дейін қауіпті індетпен ауырғандар өз еріктерімен екпе алуға ниет білдіруде. Әсіресе, аурудың ауыр түрін бастан өткерген қарт адамдар жиі келеді. Вакцинаға қатысты түсіндіру жұмыстарының арқасында адамдар екпе жұмыстарына саналы түрде қарай бастайды, - дейді Валентина Гришмановская.

Оның айтуынша, адамзатты жалмаған коронавирус індетінің зардабы адамдарды ойландыруы тиіс. Жаңа штамм біз ойлағаннан әлдеқайда агрессивті және жастар арасында да кеңінен таралуда.

Егер бұрын 70-80 жастағы науқастар көп болса, қазір 50-60 жастағылардан анықталуда. Жүкті әйелдер, жасөспірімдер мен балалар арасында да аурулар көп тіркеле бастады. Соңғысы, әрине, отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты жұқтырады. Бізде адамдар қарапайым санитарлық талаптарды сақтамайды, автобустарда, дүкендерде олар бетпердесіз жүргендер көп. Сондықтан да науқастар саны артуда. Егер бұрын бір науқас 3-5 адамды жұқтырған болса, қазір 7-ден 10-ға дейін өсуде. Вирустың агрессивтілігі артты. Жаңа штамм өте жылдам жұғады. Ауру белгілері де басқаша өтеді. Егер бұрын иіс сезу жоғалса, қазір тамақ ауруы, дене қызуы, бас ауруы, әлсіздік, болуы мүмкін, бірақ ауру жалғасады. Егер бұрын вирус өкпеге белгілі бір уақыт өткеннен кейін әсер етсе, қазір 2-3 күннен кейін, ал қысқа уақыт ішінде иммунитет әлсіз болса, аурудың ауыр түріне ұласуы мүмкін. Демек ауруханаға түсетіндер саны да көбейеді, – дейді дәрігер.

Оның айтуынша, көп жағдайда адамдар ауру белгілері басталғанда дәрігерге қаралмауынан ауруды асқындырып жібереді. Үйде отырады және өзін-өзі емдеуге ұмтылады. Сүзгі кабинеттеріне, мобильді бригадаларға немесе төтенше жағдайда жедел жәрдемге жүгінуге болатынын бәрі жақсы біледі. Тіпті антибиотиктерді өздері тағайындайтын адамдар да бар. Нәтижесінде аурудың асқынған формалары пайда болады.

Бізде ұжымдарға баратын егу бригадалары да бар. Кейде олар күніне бес-алты ұжымға бара алады. Бұл көптеген адамдар үшін вакцинация кабинетіне кезекке тұрмау және уақытты ысырап етпеу үшін ыңғайлы. Дәрігер маман ретінде барша ақмолалықтарды кезекті вакцинациялауға шақырғым келеді. Тұрғындардың 60%-ы егілгенге дейін немесе адамдардың барлығы ауырғанша коронавирус індеті тоқтамайды. Соңғы уақытта адамдар да күйзеліске түсуде, өйткені карантин барлығын шаршатты, адамдар бұрынғы қалыпты өмірді қалайды. Бірақ ол үшін міндетті түрде вакцина алуыңыз қажет. Вакцина көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу үшін ертеден-ақ қолданылып келгені белгілі. Сондықтан да екпеге ешқандай күмән болмауы керек. Егер қарсы көрсетілімдер болса, бұл түсінікті. Бірақ қалған адамдар өз денсаулығымен қатар басқалардың да денсаулығы туралы ойлануы керек. Вирусты вакцинация арқылы ғана тоқтата аламыз, - деп түйіндеді Валентина Гришмановская.

Өзгелердің жаңалығы