Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы қалай бекітілгені туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Бүгін мемлекет басшысының жарлығымен ҚР президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын бекітті. Тиісті консультациялар өткізілді. Президент әкімішілігі өкілдері түрлі қоғам белсенділерімен, саясаткерлермен, сарапшылармен, азаматтық сектор өкілдерімен кездесулер өткізіп, Ұлттық кеңес қандай болуы керек, онда не талқылануы керек жөнінде пікірлерін, ойларын қорытындылап, жүйелеп осындай шешімге келдік», - деп айтты Қарин.
Президент кеңесшісі азаматтар қандай тәртіпке сәйкес іріктелгенін айтты.
«Бұл азаматтар тұрақты түрде ұзақ уақыт бойы қоғам назарындағы өзекті мәселелермен айналысып жүрген азаматтар. Белгілі салалар бойынша кәсіби түрде шұғылданып жүрген мамандар. Белсенді, беделді қоғам мүшелері, өз саласының мамандары еніп отыр. Олар барлық саланы қамтып отыр. Бұл кеңестің құрамына саяси қоғамдық алаңдары бар әртүрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ескі оппозиция, жаңа қалыптасып келе жатқан оппозиция, қозғалыс өкілдері бар. Нақты белгілі бір мәселелермен кәсіби түрде ұзақ уақыт бойы айналысып жүрген белсенділер бар», - деп айтты ол.
Спикердің сөзінше кеңес мүшелері болашақта бірнеше жұмыс тобына жіктеледі.
«Консультациялар нәтижесінде құрамы, жұмысы жөнінде ақылдастық. Болашақта бірнеше жұмыс топтарына жіктелетін болады. Мұны қосымша айтамыз. Қазіргі уақытта ортақ ұстаным бар, яғни Ұлттық кеңес тек қана белгілі бір уақыт сайын салтанатты түрде өтетін жиын алаңы емес, нақты мәселелер қаралатын, талқыланатын алаң болады. Жұмыс топтарының белгілі бір бағыт бойынша ұсыныстары жалпы отырыста қаралады», - деді Қарин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес туралы Жарлыққа қол қойды.