Ұлттық жоба: Білім саласында қандай өзгерістер болады?

16 Қараша 2021, 09:49
4671
Бөлісу:
Ұлттық жоба: Білім саласында қандай өзгерістер болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында 10 ұлттық жобаны бекітті. Соның бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Осы жоба аясында алдағы 5 жылда білім саласында бірқатар жұмыс атқарылады. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Президенті Ғани Бейсембаев жоба аясында іске асатын жұмыстар туралы сөз қозғады.

Сапалы білім

Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылды.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

Ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер жалғасын тапты. Ұлттық жобада Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жаңа бастамалар бар, - деді Ғани Бейсембаев.

Жалпы ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұлттық жоба әзірлеу барысында қоғам өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланды және барлық мүдделі мемлекеттік органмен пысықталды.

Балабақшамен қамту

Ұлттық жоба бес міндет, төрт бағыттан тұрады. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету.

Осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жұмыстары жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымда бала дамуының жаңа моделі енгізіледі. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертіледі.

Оқушы біліміндегі олқылықтармен күрес

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда өңірлік, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданады.

Ұлттық жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгерістер енгізіліп, жаңа оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары бекітіледі.

Оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырылады.

Сонымен қатар биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланып отыр. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қысқа мерзім ішінде балаларды үйірмелер мен секциялармен қамтуды 90%-ға дейін ұлғайтуға көмектеседі. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша нормативтер қабылданды, енді жергілікті атқарушы органдар осы мақсаттарға қаражат бөлу қажет.

Қауіпсіз мектеп

Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету.

Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде.

2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5000 мектеп жаңартылады. Білім беру ұйымдарында балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалады. Мектептерге күрделі және кешенді жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын модернизациялау жоспарда бар. Мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен жабдықталып, мектептердің 100%-ы күзет, бақылау және қауіпсіз кіру жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Осы шаралардың барлығы оқушыларды оқыту үшін қолайлы орта құруға, әрбір оқушының әлеуетін іске асыруға және балалардың білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету үшін норматив 50 мың балаға 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия (ПМПК) есебінен жаңартылады. Ол үшін 43 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия өз жұмысын бастайды.

Бұдан басқа, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау шараларына мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады.

Тегін техникалық және кәсіптік білім

Ұлттық жобаның төртінші міндеті – қолжетімді әрі сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету.

2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.

Колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыс жалғасады. «Жас маман» жобасы шеңберінде колледждер базасында 20 құзыреттілік орталығы құрылады. Барлық колледжде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттілікті айқындау бойынша демонстрациялық емтихан енгізіледі.

Бәсекеге қабілетті ЖОО

Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ұлттық жоба шеңберінде 20 академиялық ұтқырлық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоо құрылады.

Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда. Бұл жастардың шетел асып кетуін азайтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорындар, орталықтар базасында дағдылар мен құзыреттерді дамыту бойынша үздіксіз білім беру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін қолдау қамтамасыз етіледі. ЖОО-ларда зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалады.

Өзгелердің жаңалығы