Астана, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысы әділет департаментінің атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшысы құжаттарды рәсімдеу үшін 150 мың теңге пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облысы бойынша департаменті аталған өңірдің әділет департаменті атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
«Ол сот орындаушысының лицензиясын алуға қажетті тағылымдамадан өту туралы құжаттарды ресімдеу үшін жеке тұлғадан 150 мың теңге сомасындағы пара алуда күдікті деп танылуда. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдікті ұсталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр», - деді Жанна Бастарова брифингте.
Айта кетейік, осыған дейін Зеренді ауданының әкімі пара алды деген күдікпен ұсталғанын, Павлодар облысында жолдарды жөндеуге бөлінген 6,6 млн теңгені жымқырған кенті әкіміне қатысты тергеу басталғанын, әрі ауадан ақша жасаған мемлекеттік кәсіпорын директоры ұсталғанын жазғанбыз.