Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін онлайн өткен Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин астық жинауға қатысты тиісті ведомстволарға тапсырма берді.
Агроөнеркәсіптік кешенді орта және ұзақ мерзімді перспективада экономиканың негізгі локомотивтерінің бірі ретінде көреміз. Жалпы, егін жинау науқандарының қарқыны жаман емес. Оларды әрі қарай арттырып, егін жинау жұмыстарын уақытылы аяқтау керек, - дейді Асқар Мамин.
Осыған байланысты ол әкімдер мен министрлерге тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстардың әкімдері өнімді жинауды сапалы және уақытылы жүргізу жөнінде барлық қажетті шараларды қабылдасын. Егін жинау кезеңінде ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі әрқашан маңызды. Бүгінгі күні айтылған көлемдерге сәйкес арзандатылған жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемі бөлінді. Энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы тиіс, - дейді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, егін жинаумен қатар, тиісті сақтау жағдайларын ерекше бақылау да маңызды.
Элеваторлардың өнімді қабылдау мен сақтауға дайындығына үнемі мониторинг жүргізу қажет, сондай-ақ астықты алқаптан элеваторларға үздіксіз тасуды қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, астық қабылдау кәсіпорындарының астықты сақтауға, сондай-ақ дымқыл астықты өңдеу мен кептіруге уақытылы қабылдауын қамтамасыз етсін, - дейді премьер-министр.Айта кетейік, Үкімет басшысы бұған дейін Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз ететінін, экспорт әлеуеті де жақсы болатынын атап өткен болатын.