Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссияның миссиясы қандай болмақ?

30 Мамыр 2020, 17:10
1806
Бөлісу:
Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемкомиссияның миссиясы қандай болмақ?

 

 

 

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуінде айтылған мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттерін атап өтті.

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы айтты. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы біздің ел жасаған кезекті қадам. Репрессия  жылдары – тарихымыздағы өшпес жара. Өкінішке қарай, процесстердің құпиялығы салдарынан қалған ақтаңдақтар баршылық. Жазықсыз репрессияға ұшырағандардың дені әлі ақталмады.  Біздегі мәліметтеріміз бойынша, бүгінгі таңда 6 мыңға жуық істі қайта қарау қажет. Біз халқымыздың құқығы үшін күрескендерді де ақтауға тиіспіз. Мысалы, 1910-1930 жж. халық көтерілісіне қатысушылар. Ал, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек 3-еуі ғана ақталған, - деді Абаев. 


Дәурен Абаевтың айтуынша, жаңадан құрылғалы жатқан мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық саяси және заңды ақтау мақсатында жүйелі жұмыс ұйымдастыру. 

Тарихты өзгерте алмаймыз, талайлы тағдырды қалпына келтіру мүмкін емес, адамдарды қайта тірілту қолдан келмейді, бірақ, олардың ұрпақтары, қазақстандықтардың болашақ ұрпақтары алдындағы борышымыз – жазықсыз  сотталғандар жайында жарқын естеліктер сақтау болуы керек. Жаңадан құрылғалы жатқан органның миссиясы – саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық саяси және заңды ақтау мақсатында жүйелі жұмыс ұйымдастыру. 
 

Президент комиссияның алдына қойған міндеттер тізімі төмендегідей: 
1. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамаға ұсыныстар әзірлеу. 
2. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын адамдар санатын бекіту. 
3.Ақталған адамдарды мәңгі есте қалдыру, оларды жерлеу орындарын іздестіру және тиісті тәртіпте ұстау бойынша ұсынымдар әзірлеу. 
4. Ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдарды қарау, - деді ол. 


Дәурен Абаев аталған міндеттер Мемкомиссияның жұмыс контурын айқын бейнелейтінін айтты. Жұмыс барысы туралы халыққа үнемі ақпарат беріліп тұрады.


 

Өзгелердің жаңалығы