ТЖ-дан зардап шеккен кәсіпкерлерге жылына 8%-бен несие беріледі

20 Наурыз 2020, 16:12
1626
Бөлісу:
ТЖ-дан зардап шеккен кәсіпкерлерге жылына 8%-бен несие беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерін, жеке кәсіпкерлерді қолдауға арналған президенттің тапсырмасы бойынша ҚР Ұлттық банкі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп оларды жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. 

Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ, аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінгені баяндалған баспасөз хабарламасында. 
Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан  аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен несие беру арқылы іске асырылады, - деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 ай. Жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының операторы болып Ұлттық банк жанындағы "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ айқындалды, сондай-ақ активтер сапасын тәуелсіз бағалаудан (Asset Quality Reviews) өткен және портфелінде шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне берілген қарыздары бар 13 қатысушы банк белгіленді.
Бағдарламаға қатысушы банктердің бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға пайдалануына және өзге мақсатқа сай пайдаланбауына тыйым салынады, - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-пен бірлесіп кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақтылы және нысаналы пайдаланылуына ай сайын мониторинг жүргізетін болады. 

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі бөлінген қаражаттың соңғы қарыз алушыға жеткізілуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтыны көрсетілген баспасөз хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, Тоқаев шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие беруді тапсырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы