Тыныс алу жаттығуларын жасау керек пе?

6 Шілде 2020, 11:47
4995
Бөлісу:
Тыныс алу жаттығуларын жасау керек пе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Демалу жаттығулары туралы медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, жедел медициналық көмек, анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова "КВИ бойынша ағымдағы жағдай" талқыланған ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз конференциясында айтып берді.

Тыныс алу жаттығулары оңалу кезеңінде өте пайдалы. Алайда, тыныс алу жаттығуларын аурудың шарықтау кезінде жасағанды тоқтата тұру керек. Нақты жаттығулар бойынша кеңестерді реабилитолог дәрігер беру керек. Әлеуметтік желідегі жаттығулардың қайсысы тиімді екенін мен реаниматолог ретінде айта алмаймын. Клиникалық хаттамада тыныс алу жаттығуларын жасау бар. Алайда, ол тек стационарда ем қабылдаған соң, амболаториялық жағдайда, оңалу кезеңінде жасалады, - деді ол. 

Малтабарова иммунитет жақсы болған күннің өзінде де "маған ешқандай вирус жұқпайды" деп ойлау дұрыс емес екенін айтты. 

"Менің иммунитетім күшті, мен ешқандай санитарлық талапты сақтамаймын» деу, әрине, дұрыс емес. Иммунитетіңіз қанша жақсы болса да, жеке гигиеналық талаптарды ұстанып, бұқаралық шараларға бармай, бөлмелерді жиі желдету мен қолды жиі жуып тұру талаптарын сақтау керек, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, вирус жүрек-қантамырлары ауруларын асқындырып жіберетінін айтқан еді.  Сонымен қатар, клиникалық хаттамада инфузиялық терапияны қатаң, жеке тағайындау бойынша жүргізілетінін хабарлаған болатын. 
Сондай-ақ, Баян Тұрдалина "Дексаметазон" препаратын пайдалануға қатысты пікірін білдірген еді.

Өзгелердің жаңалығы