Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әзілкеш Тұрсынбек Қабатовты айыптады.
Заңгер кінәлі жауапқа тартылуы керек деген пікірін жария етті. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында мәлімдеген.
Елдің алдында ақыл айтып, кейінгі кезде уағыз айтып жүрген адам мемлекеттің білім грантын алаяқтық жолмен игермекші болғаны үшін қатаң түрде жазалануы керек! Елдегі жемқорлық, сыбайластық жойылу керек деп әзілдеп жүріп, өзі білімді қызды сатып алып, қызының орнына кіргізу - бұл енді барып тұрған қылмыс! Заң бәріне ортақ! - деді ол.Сонымен қатар ол 18-ге толмаған қызының кінәсі жоқ екенін айтты.
Тұрсынбектің қызының кінәсі жоқ, себебі ол он сегізге толмаған! Кінә оның ата-анасында, яғни бүкіл отбасы мүшесі үшін жауап беретін отағасында! Елдегі сыбайласқан жемқорлықты ашық түрде айтып, жазалаған кезде жоямыз! Бұл жерде алаяқтық бабымен қоса жалған құжат жасап, арам жолмен мемлекеттің қаржысын, яғни (грантты) жеңіп алып, талан-таражға салмақшы болғаны нақты көрініп тұр! Бұл іс жазасыз қалмауы керек, - деп атап өтті заңгер.Айта кетейік, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген ақпарат расталған болатын.