Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5% жоғары. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында айтты.
Оның айтуынша, мемлекеттік 1 теңге қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылған.«Осы жылдың соңына дейін 118 мың тұрғын үй салуды жоспарладық. Жартыжылдық қорытынды бойынша 48 925 тұрғын үй іске қосылды»,- деді ол.
Сонымен қатар, ол 2018 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшы деп Түркістан, Қызылорда, Алматы және Қостанай облыстарын атады.
«Нұр-Сұлтан қаласында және Маңғыстау облысында құрылыс қарқыны 32,8% және 10,3% төмендеген. Бұл жалпы республикалық көрсеткішке теріс әсер етті, яғни тұрғын үйді іске қосу 1,9% артта қалды.Сондықтан, бұл өңірлер жеке құрылыс салушылар арқылы жұмысты жандандыруы керек.Тұтас алғанда, басқа өңірлердегі құрылыс қарқынын арттыру арқылы жылдық жоспарға қол жеткізетін боламыз», - деді Роман Скляр.
Оның айтуынша, Алматы қаласында тұрғын үйді іске қосу 10,5% (2,2 млн шаршы метр) және Ақтөбе облысында 10,1% (1,0 млн шаршы метр) өседі деп болжануда.
«Белсенді даму есебінен Түркістан облысында жақсы резервтер бар. Болжамды өсім 163 мың шаршыметр, яғни өткен жылдың қорытындысына қарағанда 1,5 есеге жуық болады», - деді ол.
Оқи отырыңыз: