Алматы, BAQ.KZ,тілшісі. Медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін алдымен дәрігерлерді дайындаудағы білім сапасын жақсарту қажет. Бұл туралы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің проректоры Гүлмира Әбдікәрімова Алматыда өтіп жатқан халықаралық семинар кезінде айтты.
Оның айтуынша, аталған білім ордасы медицина білімі сапасының маңыздылығын түсіне отырып, оны жетілдіру, дамыту үшін бүгін халықаралық семинар өткізіп отыр.
«Елімізде Денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп отыр. Медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін алдымен осы саладағы білім сапасын жақсарту тікелей байланысты. Осы бағытта көптеген шаралар өткізілуде. Білім берудің барлық бөлімінде жаңа өзгерістер мен жаңалықтар енгізілуде. Бүгінгі семинарда сол өзгерістердің іске асырылу барысы талқылануда»,-дейді ол.
Сонымен қатар ол, қазір денсаулық саласы болсын, білім беру саласында болсын цифрландырудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Цифрлы технологиялар медицина саласының дамуына оң әсер етеді. Соған байланысты ғылым, білім және тәжірибе бірге жүреді. Мәселен, қазір науқастың тіркелуінен бастап барлығы сандық жүйеде жасалады. Яғни, оның ем алуы, диагностика, барлығы сандық технологиямен жабдықталған құрылғылар көмегімен атқарылады. Сондай-ақ қазір қашық жерде отырып науқасқа диагностика жасап, оған ем-шара жүргізуге болады. Мұның барлығы цифрлы технологиялардың дамуының арқасы. Сайып келгенде бұлар медицина сапасының жақсаруына әкеледі»,-деді проректор.
Медициналық құрылғыларды, жабдықтарды жеткізумен айналысатын «AR-PHARMA» ЖШС-нің директоры Әділбек Аппасов әлемде қазір түрлі технологиялық аппараттар шығып жатқанын айтады.
«Қазір Қытай елі «Сонка» атты медициналық құрал шығаруда. Оның елімізде ешқандай баламасы жоқ, өте тиімді құрал, онда адам өздігінен келіп 10-15 минутта барлық тексерістен өтіп, бірден нәтижесіне қол жеткізе алады. Бұл құрылғыда ЭКГ, УЗИ, артериялық қысымды тексеруге, қан және несеп талдауын жасауға, салмақ пен бойды өлшеуге болады. Әсіресе шалғай жатқан елді-мекендер үшін таптырмас аппарат. Қазір біздің ел осы құрылғыны алу үшін келіссөздер жүргізуде, егер бәрі жақсы болса жарты жылда Қазақстанға да кеп қалар»,-дейді ол.