Сүрейік өмір алмасып. Өмірге екінші рет келген адамның тағдыры

13 Қаңтар 2019, 14:35
22614
Бөлісу:
Сүрейік өмір алмасып. Өмірге екінші рет келген адамның тағдыры
PHOTO

Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалды. Өмірге екінші рет келу мүмкіндігіне ие болған жан – Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы Жәнібек Оспанов. Тілші,  кейіпкердің ота жасауға дейінгі және кейінгі өмірі туралы, болашақ жоспары мен донорлыққа қатысты мәселе төңірегінде сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Медицина ғылымындағы революция

Бұл – 1967 жылы желтоқсан айында жарыққа шыққан «Лайф» журналының суреті. Журнал бетінде, «Адам жүрегінің қасиеті. Ер адам көз жұмған қыздың жүрегінің арқасында аман қалды» деп жазылған. 1967 жылы 3 желтоқсан күні медицина ғылымы мен практикасында революция болды: оңтүстікафрикалық хирург Кристиан Барнард Кейптаун қаласының клиникасында 54 жастағы ер адамның жүрегінің орнына - жол апатынан қаза тапқан 25 жастағы қыздың жүрегін салды. Ота сәтті ақталғанмен, науқастың екі өкпесі қабынып, арада 18 күн өткеннен кейін көз жұмған. Қазіргі таңда бұл күнделікті жасалатын ота түріне жатады және жүрегін ауыстырған адамдар қалыпты өмір сүреді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен алған ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанның әртүрлі аймағындағы 17-61 жас аралығындағы 72 адамға жүрек трансплантациясы жасалған. Қазақтандағы жүрегін ауыстырған алғашқы адам Жәнібек Оспанов мұндай тәуекелге бару оңай болмағанын айтты.

«Отырып тыңда: менің жүрегімді ауыстырады»

Жәнібек Оспанов

Жәнібек Оспанов: 2006 жылы маған «дилатационная кардиомиопатия» диагнозы қойылды (жүрек бұлшықетінің зақымдануы, жүрек қан қуысының кеңейіп кетуімен сипатталатын жүрек патологиясы – автор). 2012 жылға дейін жылына екі рет Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығына жатып, емделіп жүрдім. 2012 жылы Астанада Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы ашылғанын айтты. Тамыз айында ол жерге барып, жасанды сол жақ қарыншасын орнату туралы кеңестім. Арада 3-4 күн өткеннен кейін маған жүрек ауыстыру туралы ұсыныс жасады. Ол кезде мен 38 жаста едім.

BAQ.KZ: Бұл ұсыныс бастапқыда Сізге үміт сыйлады ма, әлде үрей биледі ме?

Жәнібек Оспанов: 2006 жылдары жүрегім ауыра бастағанда-ақ Германия, Америка, Израильде, Иранда мұндай дертті емдеу үшін жүрек ауыстыратынын  және оның өте қымбат ота екені туралы еститінмін. Қазақстанда жүрек ауыстыратын алғашқы адам өзім болуым мүмкін екенін білген кезде бойымды қорқыныш биледі. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. Дәрігерлер екі сағат ішінде жауап айтуымды сұрады. Өмір сүргім келетіндіктен, қорқынышымды үміт жеңіп кетті. Ең алдымен әйеліммен ақылдастым.

BAQ.KZ: Ол бұл жаңалықты қалай қабылдады?

Жәнібек Оспанов: Әйелімнің аяғы ауыр болатын. Айы-күні жақындап қалған кезі еді. Оған телефонмен хабарласып, «қазір саған жаңалық айтам, мені отырып тыңдағаның дұрыс-ау» дедім. Мұным дұрыс емес еді. Ол маған қандай кеңес айтуы мүмкін? Ота жасатуға кеңес берсе, арты қайғылы жағдаймен аяқталған жағдайда өзін кінәлап өтер еді. Ал ота жасатпауға кеңес берсе, күндердің күнінде неге мүмкіндікті пайдаланбадық деп өкінер еді. Оған жағдайды түсіндірген кезде уайымдағаны сондай, құрсақтағы сәби бүрісіп, 28 тамыз күні жарық дүниеге келгенге дейін қозғалмай қалды. 


Қайтарымсыз жақсылық: жүректі тегін алдым

Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалды. Өмірге екінші рет келу мүмкіндігіне ие болған жан – Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы Жәнібек Оспанов.

BAQ.KZ: Дәрігерлер отаның қалай жасалатынын түсіндіріп, сәтті аяқталатынына кепілдік берді ме?

Жәнібек Оспанов: Дәрігерлер ота жасау  сәтті аяқталатынына ешқашан кепілдік бермейді. Маған кеудемнен жүрегімді алған кезде-ақ жарық дүниемен қоштасуым мүмкін екенін, бірақ олар жылдар бойы шетелде жүрек ауыстыру отасын жасауды үйренгендерін, техникалық тұрғыда бәрі дайын және сәтті аяқталатынына сенімді екендерін айтты. Сөйтіп келісім берген күннің ертеңінде 6 сағат бойы ота жасады.

BAQ.KZ: Қазақстанда тоғызыншы болып жүрегін ауыстырған Азат Көптілеуов сұхбаттарының бірінде отадан кейін ұйқылы-ояу күйде әйелінен «төрт балам қайда?» деп сұрағанын, бірақ өзінің баласы жоқ екенін айтты. Кейін донор болған әйелдің төрт баласы бар екенін біліпті. Сізде ондай тылсым жағдайлар болды ма?

Жәнібек Оспанов: 2012 жылдың 6 тамызында Астана қаласында маған донор болған 46 жастағы әйелдің миына қан құйылып, ауруханаға түседі. Медицина тілінде ол «өлген адам» болғанмен, жүрегі бірқалыпты соғып тұрған. Менің жағдайымды білетін дәрігерлер оның ұлы – Игорь Воротниковқа жағдайды түсіндіріп, анасының жүрегін алуға рұқсат сұрайды. Игорь келісімін береді. Менің жағдайымда ешқандай тылсым дүние болған жоқ. Меніңше, бұл адамның мінезіне, ота жасау алдындағы көңіл-күйіне байланысты сияқты.

BAQ.KZ: Қазіргі уақытта донор болған отбасымен араласып тұратыныңызды білеміз. Бұл Сіз үшін моралдық тұрғыда қиын емес пе? Әдетте дәрігерлер донор болған отбасымен жақын араласпауға кеңес береді, себебі ол отбасыны көрген сайын әлдекімнің алдында борыштар екеніңді сезініп, ауыр күйде боласың...

Жәнібек Оспанов:  Дәрігерлер донор болған отбасымен кездескім келетін-келмейтіні туралы сұрады. Негізі мен де кездеспеген дұрыс деп ойлаймын, бірақ кейде кездесуге болады. Отадан  үш апта өткен соң Игорьмен кездестім. Оның 14 жастағы қарындасы бар. Ол кезде мен үшін кездесу өте қиын болды, себебі шынымен оның алдында өзімді борыштар сезіндім. Рақмет ретінде оған беретін ештеңем болған жоқ, соған қатты қынжылдым. Донорлық – қайтарымсыз жақсылық, бірақ зат емес, адам жүрегін тегін алу оңай ма? Әйтеуір, сол кездегі Денсаулық министрі Салидат Қайырбекова Игорьдің соңғы жылғы оқу ақысын төлеп берді. Ол өзінің қайтыс болған анасының жүрегі мен бүйрегін мұқтаж науқастарға сыйлағаны үшін «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталды. Қазіргі уақытта отбасылы, бір ұлы бар.

Жүрек ауыстырғаннан кейінгі өмір
  • Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалды. Өмірге екінші рет келу мүмкіндігіне ие болған жан – Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы Жәнібек Оспанов.
  • Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалды. Өмірге екінші рет келу мүмкіндігіне ие болған жан – Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы Жәнібек Оспанов.



BAQ.KZ: Отадан кейін өміріңізде қандай өзгерістер болды?

Жәнібек Оспанов: Мен жүрегімді ауыстырғанға дейін көлік жүргізушісі болғам. Денсаулық жағдайымның нашарлауына байланысты кейін саяжайда күзетші болуға тура келді. Ота жасағаннан кейін мен үшін құндылықтар өзгерді.

BAQ.KZ: Мысалы?

Жәнібек Оспанов: Уақыттың қадірін түсінетін болдым. Бүгін бармыз, ал ертең не болатынын кім біледі? Сол үшін қазіргі сәтпен өмір сүруді үйрендім. Қостанайда бұрын немістер көп тұратын, олардың көбі Германияға көшіп кетті. Сол жақтағы достарым мені қонаққа шақыратын. Үнемі кейінге қалдырып жүрдім, ал ота жасағаннан кейін оларға баруға уақыт таптым. Ота жасағаннан кейін төрт жыл өткен соң дүниеге ұлым келді.

BAQ.KZ: Жүрегі ауыратын адамдарға қандай кеңес айтар едіңіз?

Жәнібек Оспанов: Жалпы, дені сау адамдарға «денсаулығыңды күт»  деген кеңес берер ем. Өз-өзіңе немқұрайлы қарауға болмайды. Мысалы, менің дертім қарапайым суық тиюден басталды. Ангина болып, ол асқынған соң жүрек бұлшықеттерін зақымдады. Егер денсаулығыма немқұрайлы қарамасам, маған бұл ота жасалмас еді.

BAQ.KZ: 2015 жылдан бері «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінде жетекшілік етіп келесіз. Қоғамдық бірлестіктің жұмысына тоқталып өтсеңіз?

Жәнібек Оспанов: 2013 жылдан бері Кардиохирургия орталығында созылмалы ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарға көмек ретінде әкімшілік қызметін атқарып келем. Басты мақсат – жүрек ауыстырғаннан кейінгі өмір сапасын жақсарту, жүрек ауыстыру отасында кезекте тұрған адамдармен, оның туыстарымен әңгімелесіп, өз тәжірибеммен бөлісу. Ал қоғамдық бірлестік донор болу мәселесін көтеріп, қоғам назарын осы мәселеге аударумен айналысады.

«Жарыстарға медаль тағу үшін қатыспаймыз»

  • Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалды. Өмірге екінші рет келу мүмкіндігіне ие болған жан – Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы Жәнібек Оспанов.
  • Астана, baq.kz тілшісі. Қазақстанда алғашқы жүрек трансплантациясы 2012 жылы 8 тамызда жасалды. Өмірге екінші рет келу мүмкіндігіне ие болған жан – Қостанай облысы, Рудный қаласының тумасы Жәнібек Оспанов.

BAQ.KZ: Қазақстандағы трансплантация жасалған адамдар дүниежүзілік жарыстарға қатысып, жүлделі орынмен оралып жүрсіздер. Сіздерді мемлекет қаржыландыра ма, әлде демеушілер ме?

Жәнібек Оспанов: Дене мүшелерін ауыстырған адамдар паралимпиадаға қатыса алмайды, себебі көрінеу мүгедектік белгілері жоқ. Дені сау адамдармен қатар спорттық жарыстарға да қатыса алмайды, өйткені он екі мүшесі сау адамдармен жарысуға денсаулықтары келмейді. Біз қатысатын жарыстар – трансплантация жасатқандар арасында өтетін жарыстар. Аккредитациядан өтпегендіктен, бізді мемлекет қаржыландырмайды, сондықтан демеушілердің көмегімен қатысамыз.

BAQ.KZ: Әртүрлі жарыстарға қатысудағы басты мақсат қандай?

Жәнібек Оспанов: Басты мақсат – органыңызды берген адамдар саламатты өмір салтын ұстанып, жетістікке жетіп, үмітіңізді ақтап жүргенін дәлелдеу. Трансплантация жасалған адамдар әртүрлі салада жетістікке жетіп, ата-ана атануы – Сіздің жақсылығыңыз бекер жасалмағандығын білдіреді. 2017 жылы біз Испанияда өткен  Дүниежүзілік трансплантация жазғы ойынына бардық. Оған 62 мемлекеттен 3000 ойыншы қатысты. 2018 жылы Швейцарияда өткен Бүкіләлемдік қысқы ойындарға бардық. Қыркүйекте Ақтауда ұлттық іріктеу ойындарын өткіздік, нәтижесінде Еуропа чемпионатына аттанған команда жасақтадық. Ол жарыс Сардиния аралында өтті. Одан 8 медальмен оралдық. Жақында трансплантациядан шыққан Еуропа федерациясына мүше болдық.

«Донор болу мәселесі дұрыс жолға қойылмаған»

BAQ.KZ: Қазіргі уақытта жүрек доноры қай аймақтарда көп?

Жәнібек Оспанов: Донорлық туралы айтқанда көбі оған қоғам мен менталитетіміз дайын емес екенін айтады. Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз, құндылықтар ортақ болып барады. Менталитеттің қанша қатысы бар бұл жерде? Донор болуға ешбір дін қарсы емес, бұл – әр адамның сана-сезіміне байланысты дүние. Әзірге жүрек донорлары Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында ғана бар.

BAQ.KZ: Донор болу біздің елде қаншалықты дұрыс жолға қойылған?

Жәнібек Оспанов: Бізде ота жасайтын мықты дәрігерлер де, заманауи медициналық құрылғылар да, жақсы заңнамалар да бар, тіпті ота квота арқылы тегін жасалады. Одан артық қандай көмек керек? Бірақ донор болу жағы әлі дұрыс жолға қойылған жоқ. Жалпы, науқас адамға өзі өмір сүретін мемлекеттегі адамдар ғана донор бола алады. Бұрын ақшаң болса – шетелге барып трансплантация жасатуға болатын, болашақта трансплантация тек өз еліңде ғана жасалатын болады. Бұл ойланарлық мәселе.

BAQ.KZ: Донор болғысы келетін адам әрекетті неден бастауы керек?

Жәнібек Оспанов: Өзіңіз тіркелген емханаға барып, донор болғыңыз келетіні туралы өтініш қалдырасыз. Өкінішке қарай, ол өтінішіңіз сол жазған жеріңізде шаң басып қалады. Донор жоқ болғандықтан, мұқтаж адамдар туыстарынан сұрайды. Ал туыстардың денсаулық жағдайы донор болуға жарамсыз болуы мүмкін. Сондықтан донор болу механизмін дұрыс жолға қою керекпіз. Бізге донор болғысы келетіндерді электронды түрде тіркейтін жүйе керек. Мүмкін әр адамның жеке куәлігінде донор болғысы келетіні-келмейтіні туралы ақпарат жазылатындай етуге болатын шығар?

BAQ.KZ: Болашақ жоспарларыңыз қандай?

Жәнібек Оспанов: Қазір 2019 жылы Ньюкасл қаласында болатын жазғы ойынға дайындық жүргізіп жатырмыз. Оған бару үшін де демеуші іздеу керек. Жазда трансплантация жасағандар арасында халықаралық жарыс өткіземіз. Оған көршілес мемлекеттегі адамдар да қатысуға ниет білдіріп отыр. Оған да демеуші іздеуіміз керек. Одан кейін донорларға арналған ескерткіш орнатуымыз керек.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Анықтама үшін
Кімдер донор бола алады?

Адам тірі кезінде немесе қайтыс болағаннан кейін донор болуы мүмкін. Тірі донор транспланттау үшін жұп ағзаның бірі, олардың болмауы денсаулықтың біржола бұзылуына әкеп соқтырмайтын ағзаның бір бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.
Өлім туралы қорытынды биологиялық өлімнің немесе бас миының біржола семуінің (мидың өлімінің) расталуы негізінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен беріледі.
Егер алу кезінде денсаулық сақтау ұйымына осы адам тірі кезінде не оның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері ол өлгеннен кейін оның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлігін) реципиентке транспланттау үшін алуға келіспейтінін мәлімдегені туралы хабарланған болса, мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға жол берілмейді.

Өзгелердің жаңалығы