Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия биылғы 19 наурыздан бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізді.
Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай мен ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қ. әкімі А. Көлгінов және Алматы қ. әкімі Б. Сағынтаев, қорғаныс министрі Н. Ермекбаев және ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, сондай-ақ ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары М. Мырзалин баяндады.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады, - делінген хабарламада.
Биылғы 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:
- карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;
- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау;
- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу;
- үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;
- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;
- азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;
- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, "клиенттерге дейін жеткізу" қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;
- ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;
- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;
- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;
- ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.