Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы кезінде еліміздің жаңа экономикалық бағытының басты жеті қағидатын атады.
Президент қазіргі жағдайдағы экономикалық дамуы жайлы айта келе, ұзақмерзімді мұнайлы супер кезең аяқталғанын жеткізді.
Енді әлемдік нарықтың жаңа конъюнктурасына дайын болуымыз керек. Диверсификацияланған технологиялық экономиканы құру біз үшін жай қажеттілік емес, басқа жол жоқ. Бұған қарамастан экономика халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс істеуін жалғастыруы керек. Ұлттық табыстың әділ бөлінуі жөніндегі қоғамдық талап ескерілуі керек. Яғни, табыс тиімді әлеуметтік жобаларға бөлініп тұруы керек. Сондықтан еліміздің жаңа экономикалық бағыты басты жеті қағидатқа негізделу керек, - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, біріншіден – міндеттер мен игіліктер әділ бөлінуі қажет.
Екіншісі – жеке кәсіпкерліктің басты рөлі, үшінші – әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін жаңа нарықты ашу, төртінші – өндіріс көлемін арттыру. Бесінші – адам капиталын дамыту, білім берудің жаңа түріне инвестиция құю, алтыншы – қоршаған ортаны жасылдандыру экономикасы, жетінші – мемлекеттің басты мәселені шешуі мен соған қоғам алдында жауап беруі. Оның ішінде біз бәсекелесе отырып, өзіміздің нағыз әлеуетімізбен еңсеруіміз керек, - деді ол.