Тоқаевтың экономиканы реформалау бағытын қатаң ұстанатыны байқалды – сарапшы

10 Шілде 2020, 22:43
2991
Бөлісу:
Тоқаевтың экономиканы реформалау бағытын қатаң ұстанатыны байқалды – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкіметтің бірлескен отырысында Президент бірқатар мәселе айтқан болатын. Осыған орай ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов өз ойымен бөлісті. 

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы, сондай-ақ оның негізгі бағыттары және даму перспективаларына байланысты бірқатар ой-түйіндерді байқауға болады. Біріншіден, Президент Қ.К. Тоқаев экономика алдында тұрған проблемаларға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта ЖІӨ-нің 1,8%-ға төмендеуі байқалды, қызмет көрсету саласы айтарлықтай зардап шекті, бюджетке түспеген кірістердің үлкен көлемі және осыған қатысты Ұлттық қор қаржысының айтарлықтай шығындалуы мемлекеттік қаржы жүйесіндегі жағдайдың шиеленісіне алып келді, – дейді сарапшы. 
Ол Қазақстанның алдында тұрған бұл макроэкономикалық проблемалар негізінен сыртқы факторлардың ықпалынан – шикізат бағасының құлдырауы мен коронавирустық пандемиядан туындағанын атап өтті.
Ал бюджеттік саладағы жағдайдың шиеленісуіне көбінесе мемлекеттің осындай қиын кезеңде өз мойнына тұрғындар мен бизнеске көмек көрсету бойынша үлкен әлеуметтік міндеттемелерді қабылдауы себеп болды. Бұл өз кезегінде бюджет шығысы мен Ұлттық қордан аударымдардың өсуіне әкелді. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау үшін бұрын-соңды болмаған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 225 мың адам жұмыспен қамтылуы керек екендігін, пандемия кезінде жедел мәселелерді шешу үшін ҚР Үкіметі мен өңірлердің бюджетінен 150 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Осы және басқа да дағдарысқа қарсы шаралар Ұлттық қордан республикалық бюджетке 4,7 трлн теңге көлеміндегі рекордтық аударымға себеп болды (қалыпты уақытта бұл транштың мөлшері шамамен 3 трлн теңгені құрайды - ред.), - дейді Вячеслав Додонов.
Оның ойынша қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында ел экономикасында туындаған проблемалар жедел, тактикалық шешімдерді, сондай-ақ стратегиялық мәндегі кешенді шешімдерді әзірлеуді талап етеді. 
Бұл шешімдердің көпшілігі Президенттің сөйлеген сөзінде айтылды. Ағымдағы жағдайды тұрақтандыратын және экономикалық өсуді қалпына келтірудің Кешенді жоспарын іске асыруға ықпал ететін жедел шараларға келер болсақ, Мемлекет басшысының инфляцияны 8-8,5% шегінде ұстап тұру, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша жұмысты күшейту, пандемия кезінде туындаған мүмкіндіктерді пайдаланып сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өнімді шығару, дәрі-дәрмек өндірісін дамыту, шетелдік инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жалғасу сияқты тапсырмаларын атауға болады, – дейді ол. 
Президент Қ.К.Тоқаев жұмыспен қамту саласы және азаматтардың әлеуметтік жағдайына пандемия салдарынан туындаған жағдайдың жағымсыз әсері және бұл әсерді азайту шараларын әзірлеу қажеттілігіне жеке тоқталды. 
Осыған байланысты, Үкіметке және Ұлттық банкке ағымдағы күйдің нашарлауы жағдайында салалар мен халықты қолдау бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының сөзінде ұлттық экономиканың стратегиялық дамуының негізгі бағыттары да айтылды. Президент дағдарыстарға бейім қазіргі шикізаттық экономикалық модельді неғұрлым прогрессивті және бәсекеге қабілетті модельге ауыстыруға әкелетін жаңа экономикалық бағыттың қажеттілігін мәлімдеді, – дейді сарапшы.
Тоқаев тиімсіз бағдарламалардан бас тартып, олардың орнына денсаулық сақтау, білім беру, төмен көміртекті технологиялар, ҒЗТКЖ,  экология сияқты өсудің ұзақ мерзімді векторларын таңдау, дамуға басымдықтар беру қажеттілігін атап өтті. 
Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын дамытудың экономикалық моделін түбегейлі өзгертуге негізделген стратегиялық бағыттар ұлттық дамудың перспективалары жағдайында өте маңызды. Сонымен қатар, қазіргі, өте қиын кезеңде де Мемлекет басшысының экономиканы реформалау және модернизациялау бағытын қатаң ұстанатыны байқалды, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы