Бас жаңалықтар
«Ұя бұзғанды қарғыс атады» немесе 339-баппен істі болады
28 Қаңтар 2019, 18:39 2954

«Ұя бұзғанды қарғыс атады» немесе 339-баппен істі болады

Фото: Ⓒphys.org

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жарқанаттың ұясын «мыңдаған долларға» сату үшін оның ұясын іздеп, шатырға шығып, үңгір кезіп кеткендердің видеосы таралып жатыр. Олардың бұл тірлігі – бос әурешілік. Жарқанаттың жоқ ұясын ешкім сатып алмайды. Жарқанаттың ұясы деп құрқылтайдың ұясын бұзуға да болмайды. «Жарқанаттың ұясынан шығады делінетін «амрита кокон» затының құрқылтайдың ұясына да қатысы жоқ. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-нің мамандары осындай пікір білдірді.


Желілерде тараған ұя - құрқылтайдың ұясы
«Жарқанаттың ұясына қатысты әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеодағы ақпараттар жалған». Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісіне осылай жауап берді.

«Instagram», «Whatsapp», «Youtube» әлеуметтік желілері арқылы таралып жатқан жарқанаттың ұясы туралы ақпарат жалған. Жарқанаттың арнайы ұясы болмайды. Олар үңгірлерді, ағаш қуыстарын, үй, құрылыс шатырларында мекендейді. Ал әлеуметтік желілерде тараған ұя - құрқылтайдың ұясы. Құрқылтай ұясын қыл, өсімдік талшықтарынан тоқып, сілекейімен желімдеп, екі бүйірінен кіріп-шығатын тесік қалдырып, екі бұтақтың түйіскен жеріне, не жуан бұтаққа салады. Сондықтан жалған ақпаратқа алданып қалмау керектігін ескертеміз,-делінген басқарманың ресми жауабында.

«Амрита кокон» – жарқанаттың ұясы емес
Әлеуметтік желілер, мессенджерлерде жарқанат ұясын мыңдаған долларға сатқаны туралы баяндайтын видеоларда айтылатын «амрита кокон» заты - жарқанаттың ұясы емес. Оған еш қатысы жоқ. Бұл туралы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары айтты.

- Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жарқанаттың ұясы үлкен қаржыға сатып алынатыны туралы жазылып, таралып жатқан «Амрита кокон» затының жарқанаттың ұясы емес екенін хабарлаймыз. Зиянды жәндіктермен қоректенетін жарқанаттар табиғатқа өз пайдасын келтіретін байлығымыз. Осыған байланысты жарқанаттарды аулау табиғатымызға зиян келтіреді. Әрі - ҚР Қылмыстық Кодексінің 339-бабымен қылмыстық іс қозғалады. Ұлттық паркімізде мемлекеттік инспекторлар парк территориясындағы жабайы жануарлар дүниесіне ұдайы мониторинг жасап табиғат қорғау іс-шаралары тұрақты жүргізіледі. Бүгінге дейін жарқанаттарды аулау фактісі бойынша заң бұзу анықталған жоқ,- дейді Сайрам-Өгем МҰТП Жануарлар дүниесінің өсімін молайту бөлімінің бастығы Ғалымжан Нұрмаханов.

Айта кетсек, ұлттық парк аумағында барлығы 59 түрлі сүтқоректілер мекендейді. Оның 10 түрі ҚР Қызыл кітабына енген.

- Ұлттық паркімізде жарқанаттың ерекше атап өтетін 2 түрі мекендейді. Олар: Ақбауыр жарқанат (лат.Otonycteris hemprichi), Бүрме ерінді жарқанат (лат. Tadarida-teniotis). Олардың денесі 81-92 мм, құйрығының ұзындығы 48-56 мм, қанатының ұзындығы 57-65 мм, салмағы 25 граммнан 50 грамға дейін жетеді. Жарқанаттардың жүндері қысқа әрі жұмсақ, қоңыр немесе сұр түсті, ал қарын тұсы ақшыл. Құлақтары, тұмсығы және құлақ жарғақтары қара немесе қара-сұр түсті,-дейді Ғалымжан Нұрмаханов.

Жарқанат ұя салмайды
Жарқанатты құс қатарына жатқызатындар қателеседі. Жарқанат құсқа жатпайды. Ұя да салмайды. Жарқанаттың көбеюі мен оның ауылшаруашылық зиянкестерін қалай жоятыны туралы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас маманы Бахтияр Ташенов айтып берді.

Жарқанат – құс емес. Жарқанат – аң. Сүтқоректілер класының қолқанаттылар отрядына жатады. Жарқанат ұя салмайды. Ұя салатын қолы не тұмсығы жоқ. Мысалы, құстар тұмсығымен сазбалшықты, шөп-бұтақты қысып, сонымен ұясын салады ғой. Жоғарыда айтқанымдай, жарқанат – құс емес және оның ұясы болмайды.Үңгірді, үйдің шатырларын, жарқабақтарды мекендейді. Басын төмен салбыратып, аяғымен жоғарыға ілініп тұрады. Жұмыртқа баспайды. Төлін тірідей туады. Төлі туғанында өте дәрменсіз болады. Төсінде екі емшегі бар. Шатының арасында да емшегіне ұқсас өсінділер болады. Жаңа туған төлі соған жабысып алады. Төсіндегі емшегінен қоректенеді. Төлі көзін ашып, әл жинағанша аналықтарымен бірге жабысып ұшады. Кейін салмақ қосып, әлденген соң аналығы төлін сол тұрақ орнында қалдырып, өзі жем іздеп кетеді. Жарқанаттардың ерекшелігі – олар колония болып өмір сүреді. Төлін қалдырып, жем іздеуге кетіп, оралғанынан кейін де бір-бірінің төлін жатырқамай, емізе береді. Яғни, қайтып оралғанында көп төлдің арасынан өзінің туған төлін іздемей, қарны аш төлді қоректендіре береді. Осылайша ұжымдасады. Төлін қоректендіргенін бақылаудың өзі қызық. Қанатын жамылып ұйықтайды,-дейді Бахтияр Ташенов.

Қазақстанда "вампир" жарқанаттар жоқ
Бахтияр Ташеновтың айтуынша, Қазақстанда мекендейтін не ұшып келіп-кететін жарқанаттардың арасында қан соратын, яғни «вампир» жарқанаттар жоқ. Ондай жарқанаттар тропикалық белдеудегі аймақтарда тіршілік етеді. Жарқанаттар ұсқынсыз кейпіне байланысты қорқынышты көрінгенімен ол өте пайдалы аң екен.

Жарқанат – өте пайдалы аң. Ауыл шаруашылығына, орман шаруашылығына залал келтіретін зиянкес жәндіктермен қоректенеді. Зиянкестердің санын азайтады. Жарқанаттар неліктен кешкісін немесе түнде ұшады? Өйткені, түрлі зиянкестер күндіз ауа температурасы ыстық болғандықтан көлеңкеде тығылып жатады. Күн батып, ауа салқындағанда зиянкестер де ұшады. Жарқанаттар да сол кезде шығып, зиянкестерді аулайды. Жарқанаттардың дене температурасы қоршаған орта температурасына қарай өзгереді. Қазан-қараша айларында күн салқындағанда ұйқыға кетеді не басқа жылы жақтарға қоныс аударады. Наурыз-сәуір айларында оянады. Егер қысқа дейін май жинап, салмақ қоспаса, күн суықта үсіп өледі. Қазақстандағы жарқанаттар тек пайда әкеледі. Адамдардың тиісуіне болмайды. Мектепте оқушыларға ғылыми жұмыс тақырыбы ретінде қасқыр, елік және тағы басқа жануарлар туралы зерттеу тапсырма береді. Оқушылар сол жануарларды өмірінде көре бермейді. Ал жарқанатты көреді. Сондықтан да ғылыми жұмыс тақырыбына жарқанат туралы да тапсырма беріп, жарқанаттар тіршілігі жайында көбірек біліп-тануына ықпал еткен жөн,-дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас маманы.

«Ұя бұзғанды қарғыс атады»
Жарқанаттың ұясын сату не болмаса сатып алу туралы видеоларға қатысты Фейсбук әлеуметтік желісінде пост жазып, оның бәрін алаяқтық деп атаған азаматтар да бар. Солардың бірі – журналист, ҚазАТУ-дың баспасөз хатшысы Бердібек Хабай. Оның Facebook әлеуметтік желісіндегі сәйкес постын өзінің рұқсатымен жариялап отырмыз.

Бүгінде әлеуметтік желіде жарқанаттың ұясын сату я болмаса өте көп ақшаға сатып алу туралы ақпарат тарап кетті. Мұны таратып жатқандар – таза АЛАЯҚТАР. Себебі жарқанатта ұя болмайды. Ол – қанатты тышқан, ғылыми дәлелі де сол. Ал «жарқанаттың ұясы» деп көрсетіп жүргендері ол – ҚҰРҚЫЛТАЙ деген бармақтай құстың ұясы. Бала күнімізде жайлауда тал басынан салақтап тұрған құрқылтайдың ұясын көп көретін едік.Үлкендердің айтуымен ол ұяға қолдың ұшын да тигізбейтінбіз. Себебі "Ұя бұзғанды қарғыс атады, отаны бұзылады" дейтін. Құрқылтай қазақ үшін қасиетті құс. Ал ұяны әкеп, ішіне магнитті сұйықтық құйып, оған темір жақындатып алыстату таза алдау,-деп жазады Бердібек Хабай.

Айта кетсек, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан Республикасында жарқанаттың ұясын іздеп, тау-тасты кезіп кеткендер туралы ақпарат та таралды. Өзбекстандық табиғат қорғаушылар адамдардың әлеуметтік желілердегі жалған ақпарға сеніп, сүтқоректілердің тіршілік ортасына зиян келтіріп жатқанынан қауіптенеді. Бұл туралы centralasian.org сайты жазады.

Әлеуметтік желілердің өзбекстандық сегментінде жарқанат ұясын 5-10 мың АҚШ долларына сатып алатындар туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр. Осыған сенген кейбір қолданушылар тау-тасты аралап, жарқанаттың ұясын іздеп жүр.

Ташкенттегі "Живая планета" жан-жануарларды қорғау қоғамының белсендісі Анастасия Ташилова сүтқоректілердің ұясын бұзу оқиғаларына алаңдайды. Ол адамдарды бұл жалған ақпарға сенбеуге, табиғатты бүлдірмеуге шақырады.

«Адамдар осындай өтірікке сеніп, жарқанаттардың мекен ортасын қиратып жатыр. Алаяқтардың айтқанына сенбеңіздер. Бұдан сүтқоректілер зардап шегеді» дейді Ташилова.

Жәнібек Нұрыш 

Сізден жаңалық