Теңіз кен орнында жаңа құрам жасақталып жатыр

19 Маусым 2020, 16:58
4908
Бөлісу:
Теңіз кен орнында жаңа құрам жасақталып жатыр
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз кенішіндегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталды. Сондықтан өндірістегі вахталық құрамды жаңалау жұмыстары басталған. Қазір кен орында 13700-ден астам жұмысшы мен 100-ге жуық мердігер компания бар.

"Теңізшевройл" компаниясы мен мердігер мекемелер 15 маусымнан вахталық ауысымды бастады. Карантин басталғалы көптеген жұмысшы өндірісте жүр. Енді оларды жаңа құраммен ауыстыруды қолға алдық. Бұл - жұмысшыларымыздың өмірі мен денсаулығы үшін де маңызды. Жаңа құрамды жасақтау жұмыстары қауіпсіздік шараларына сай жасалады. Вахталық ауысымды ұзарту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың келісімімен жасалды. Бұрын 14 күн істегендер 28 күнге, ал 28 күн жұмыста болғандар 56 күнге ұзартылды. Әрине, мұның барлығы жұмысшылардың келісімімен болады. Сонымен қатар, вахталық ауысым кезінде жұмысшылар міндетті түрде оқшауланады. Алдын ала сынамалар тапсырады. Содан соң кен орнына келіп, тағы да тест тапсырады. 5 күн карантинде жатады. Осының барлығынан соң ғана жұмысқа қосылады. Бұл вахталық ауысым еліміздегі барлық заңнама мен талапқа сай орындалады, - дейді "Теңізшевройл" ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.
WhatsApp Image 2020-06-19 at 15.03.11 (1).jpeg

"Теңізшевройл" ЖШС өкілдерінің айтуынша, бұл вахталық ауысым шілде айының ортасына дейін жалғасады. Өндіріске келген жұмысшылар толық дезинфекция жасалған, сақтық шаралары алынған таза аймақтарда жұмысын бастайды.

Өндірісте арнайы жедел топтар жұмыс істейді. Қандайда бір жағдай туындаса, жұмысшылар дайын болады. Қазір Теңіз кенішінде карантин режимі 26 маусымға дейін ұзартылды. Егер індет басылмаса, шектеу шаралары әрі қарай созылуы мүмкін. Оны жергілікті атқарушы органдар шешеді. Біз қазір өндірістегі санитариялық талаптар, маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, сақтық шараларына аса мән беріп жатырмыз. Бұл кен орнындағы барлық аймақта жүргізіліп жатыр, - дейді "Теңізшевройл" ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Сондай-ақ, ТШО кен орнындағы аса маңызды жобаларды тоқтатпауға күш салып жатыр екен. Ол "Келешек кеңею" жобасы. Қазіргі уақытта бұл зауыт жұмысының 77% аяқталған. Компания басшылары Қазақстан еліне ризашылығын білдірді.

Біз Қазақстан Республикасы Президентіне, Энергетика министрлігіне, Атырау облысы әкімі және оның командасына қиын кезеңде қолдау білдіргендері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Өзіміз қызмет етіп жатқан аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына өз үлесімізді қосамыз. Алдыңғы қатардағы сенімді серіктес болатынымызға сенімдіміз. Вахталық ауысымның да қауіпсіз өтуін жоспарлап отырмыз, - дейді ол.

Теңіз кен орнынан инфекция жұқтырған 1200-ден астам науқастың 73-і ТШО жұмысшылары екен. Оның 806-сы жазылып шыққан. Қазір кен орнындағы инфекциялық ауруханада 208 науқас ем алып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы