Қазақстандық танымал дизайнер қайтыс болды

7 Шілде 2020, 09:57
5183
Бөлісу:
Қазақстандық танымал дизайнер қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ сән өнерін кәсіби деңгейге көтеріп, өз мектебін қалыптастырған танымал қазақстандық дизайнер Берік Ысмайылов дүниеден озды. 

Атақты дизайнер Берік Ысмайлов ағадан айырылып қалдық. Көп жыл туған ағамдай араласып едік. Аға, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Сіздің ағалық қамқорлығыңызды ешқашан ұмытпаймын, - деп жазды телепродюссер Толқын Сейдоллақызы.

Берік Ысмайлов "Қазақстан" арнасындағы "Таңшолпан" арнасына берген сұхбатында біраз шәкірт тәрбиелегенін айтқан.

Бұл салада жүргеніме 22 жыл болды. Осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам шәкірт тәрбиеледім. Бұл салаға келуім қиын болды. Өйткені, "әйел адамның ісі" дегенді көп естідім. Өмірде қай сала болса да, сапалы жасайтын - ер адам. Оған дейін Авиациялық институтты бітіріп, ұшақ зауытында 11 жыл қызмет істедім. Бірақ тағдыр шығар, Мәскеуде оқып, осы мектепті аштым. Авиацияда пішу, сызу жұмысымен айналыстым. Сондықтан болар, маған тігу ісінде оңай болды, - деп еді 2 жыл бұрын.

Берік Әбдішұлы Ысмайылов 1962 жылы 15 наурызда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

Модельер-конструктор, Халықаралық дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, "Берік Ысмайылов" авторлық сән салонының директоры. 

Омбы политехникалық институтының, Мәскеудегі Любовь Красникова — Аксенева авторлық мектебінің түлегі. Он саусағынан өнер тамған халықаралық дәрежеде кең танылған сәнгер.

Өзгелердің жаңалығы