Талдықорғанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына фото-көрме ашылды

12 Маусым 2021, 19:28
3136
Бөлісу:
Талдықорғанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына фото-көрме ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Талдықорғандағы «Атамекен» көрме кешенінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және облыс орталығының Талдықорған қаласына көшкеніне 20 жыл толуына орай белгілі фотографтар Шүкірәлі Шахай мен Жеңіс Ысқабайдың «Тәуелсіздік - ақ ордам, Талдықорған - бақ ордам» бірлескен сурет көрмесі ашылды.

Көрменің салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов және өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілі қатысты. 

Көрмеге «Құрмет» ордені мен «Фотоөнер қайраткері» медалінің иегері Шүкірәлі Шахай мен Журналистер одағының мүшесі Жеңіс Ысқабайдың және басқа да оншақты жергілікті фотографтың 300-дей суреті қойылған. Фото-суреттерде еліміздің 30 жыл ішіндегі жүріп өткен жолы, даму сатылары, Елбасының қатысуымен өткен түрлі тарихи оқиғалар, еліміздің даңқты азаматтары, тарихи ескерткіштер – бәрі қамтылған. Облыс әкімі Амандық Баталов әр суретте бейнеленген кезеңдер туралы естеліктерін айта жүріп, көрмені толық аралап шықты.

Бүгінгі көрме шын мәнінде тәуелсіздіктің 30 жылдағы барлық баспалдағын сурет арқылы көрсетіп берген керемет шара болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы дүкен сөрелерінің бос қалған, зауыт-фабрикалардың тоқтап тұрған қиын кезеңдерін де, Елбасының бір мақсатқа жұмылдырған тарихи оқиғаларын да, елге еңбек сіңірген қайраткерлерді де, табиғатымыздың кереметтерін де осы фото суреттерден көріп, риза болдық. Қазақстанның, соның ішінде Алматы облысының өсіп-өркендегені көз алдарыңызда өтіп жатыр. Біз елімізбен мақтанамыз. Осындай шараны ұйымдастырған азаматтар Шүкірәлі мен Жеңіске көп рахмет айтамын. Адамның көзі мен фотографтың көзі бірдей емес. Суретшіге әр сәтті қалт жібермейтін байқампаздық керек. Бүгінгі көрмедегі суреттер - сондай шеберліктің нәтижесі. Көрме бір ай бойы тұрады. Осындай суретке басылған тарихты жастар көріп, көңілге түйсе дейміз, - деген А Баталов шараға арнайы келген Шүкір Шахайға сый-сияпат көрсетті.

Жеңіс Ысқабай да құрметті қонаққа Талдықорған қаласының кіреберіс аркасының ағаштан қашалған бейнесін тарту етті. 

Өзгелердің жаңалығы