Табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдау қалай жүргізіліп жатыр?

10 Маусым 2021, 14:43
3422
Бөлісу:
Табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдау қалай жүргізіліп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдау туралы айтты.

Ол 2020 жылдан бастап Қазақстанда ашықтықты, әділдікті және өзара жауапкершілікті күшейту қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделі іске асырылып жатқанын жеткізді.

Яғни, соған сәйкес, тоқсан сайынғы өтініш, тағайындау критерийі – отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табыстың өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем мөлшері, балаларға арналған тіркелген төлемнің күші жойылды, еңбекке қабілетті адам жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы АӘК алу құқығынан айырылады).

АӘК көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу шеңберінде 4 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға жәрдемақы және табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. 

Балалардың жасына байланысты әлеуметтік топтаманың екі түрі бар. Мектеп жасына дейінгілерге балалар тағамы және гигиеналық керек-жарақтар, мектеп жасындағы балаларға ыстық тамақ, мектеп киімі мен керек-жарақтары, жол жүру шығыстарын өтеу ұсынылады, - деді министр.

Ол әлеуметтік топтама құрамын қалыптастыру кезінде денсаулық сақтау, білім беру мамандарының ұсынымдары, жұртшылықтың пікірі ескерілгенін атап өтті. 

2020 жылы 435 мың бала әлеуметтік топтама алды. Сондай-ақ 936 мыңнан астам адам немесе табысы аз 185 мың отбасы, оның ішінде 600 мың бала (64%), 73,5 мың көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. Төлемдердің жалпы сомасы 88 млрд теңгені құрады, - деді Серік Шәпкенов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде 313,6 мың адам зейнетақысының бір бөлігін шешіп алғаны анықталды.

Өзгелердің жаңалығы