Түймебаев: ҚХА – ел бірлігінің белгісі

19 Маусым 2019, 17:13
1998
Бөлісу:
Түймебаев: ҚХА – ел бірлігінің белгісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. 

Отырысқа Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері, ҚХА мен Ғылыми-сараптамалық кеңес мүшелері, өңірлердің ғылыми-сараптамалық топтарының басшылары, ЖОО ректорлары, Ассамблея кафедраларының меңгерушілері, жастар ұйымдары қатысты.

ҚХА төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ғылыми-сарапшылық кеңесінің негізгі мақсаты – саяси жағдайларға болжам жасай отырып, қоғамды алауыздықтан сақтау екендігіне тоқталды. 

«Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебіне тәуелсіздігі бекем, болашағы айқын ел ретінде қадам бастық. Осының бәрі қоғамдық бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау мен ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай алуымыздың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтің сайлауалды бағдарламасында айқындалған Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу принциптерімен ұштасады. Сабақтастық деген ол қоғамның бірлігін сақтау, ел азаматтарының тұрмыс сапасын арттыру. Осы орайда қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси-рухани өзгерістер мен жаңаруларды жүргізуге Ассамблея белсене атсалысуда. Шынында да, бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, ел тыныштығы мен бірлігінің белгісі болып отыр», - деді ҚХА төрағасының орынбасары. 

Жансейіт Түймебаев Ассамблея уақыт талабына сай жұмыс жүргізуі тиіс екендігін айтты. 

«Жұмыстың тың әдістері мен амалдары керек. Ғылыми-сараптамалық кеңестің басты міндеті осы деп білемін. Біріншіден, Ғылыми-сараптамалық кеңес қоғамдағы процестерді терең талдай білуі тиіс. Жаңа трендтер мен тегеуріндер мен қауіптерді айқындауымыз керек. Ол үшін шынайы саясатқа терең интеграцияланған абзал. Екіншіден, ғалымдар мен сарапшылар қоғамдық-саяси алаңды құруы тиіс. Ресми басылымдарда ғана емес, әлеуметтік желіде де нақты әрі ұғынықты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек», - деді ол.

Сондай-ақ жиын барысында ғылыми-сарапшылық кеңесі жұмысының өзекті мәселелерін талқыланып, пікір алмасты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесі Мемлекет басшысының ҚХА-ның XIV сессиясында берген тапсырмасы бойынша 2009 жылғы 28 қаңтарда құрылған. Құрамында 52 ғалым: оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының басшылары және қоғам қайраткерлері бар.

ҚР Президенті жанындағы МБА Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ҚХА ҒСК-ның жұмыс атқару органы болып есептеледі.

Өзгелердің жаңалығы