Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі мал бордақылау алаңы ашылады

1 Наурыз 2019, 14:10
2958
Бөлісу:
Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі мал бордақылау алаңы ашылады

Астана, BAQ.KZ. Туркістан облысында Орталық Азиядағы ең ірі мал бордақылау алаңы ашылады. Сыйымдылығы 100 мың қой басына лайықталған нысан Бәйдібек ауданында бой көтереді, деп мәлімдейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алаң құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталады деп күтілуде. Бұл жобаны инвестор ретінде «Salurbey Group» түрік компаниясы қолға алып отыр. Нысанның құны 20 млн. долларды құрайды. Бордақылау бекеті 2500 гектар жерге салынады деп жоспарлануда. Компания өкілдерінің айтуынша, алаң аумағында малдың жүнін қайта өңдейтін және ет пен сүт, айран, йогурт, ірімшік шығаратын цех іске қосылады. Сонымен қатар, жоспарда 1500 гектарға жем-шөп өсіру қаралған.

«Salurbey Group» компаниясының басшысы – Ибрагим Айдын Салюрбейдің айтуынша, жоба аясында зертхана ашу көзделіп отыр. Онда мамандар ұсақ малдардың түрлі қауіпті дерттерге шалдығу қаупін алдын алу үшін тиісті тексерулер жүргізіп отырады. Нысанды жүзеге асыру барысында 1200 адам тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Нысанның қуаттылығына қарай алаңда «Еділбай», «Романовская» және «Меринос» тұқымдарының 100 000 басы бордақыланады.

Өнім ТМД және Туркия елдеріне экспортталады. Қазіргі таңда «Salurbey Group» компаниясы мен Түркия ауыл шаруашылығы министрлігінің арасында экспорт бойынша келісімшарт жасалған.

Өзгелердің жаңалығы