Бас жаңалықтар
Сыр өңірінде медицина саласына мамандар жетіспейді
19 Ақпан 2020, 13:23 213

Сыр өңірінде медицина саласына мамандар жетіспейді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов халық алдында аймақ басшысы ретінде алғашқы есебін беруде.

Әкімнің айтуынша, тірлік пен бірліктің арқасында Сыр елі 2019 жылды табысты аяқталды. Сондай-ақ, алда атқарылар, шешімін күтіп тұрған мәселелер екенін жеткізді.

Денсаулық сақтау саласында "2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарының өңірлік перспективалық даму жоспары" бекітілген.

Облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық қамтылуы 85,3%-ға жеткізілді. Былтыр апаттық жағдайдағы денсаулық сақтау нысандарының орнына Шиелі ауданаралық ауруханасы пайдалануға берілді. Апаттық жағдайдағы соңғы нысан Жалағаш ауданында жаңа аурухана құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жеті дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілсе, облыстық көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды, – дейді облыс әкімі.

Әкімнің айтуынша, былтыр 95 дәрігер қабылданып, қамту көрсеткіші 82%-ға жеткенімен бұл салаға әлі 159 маман жетіспейді. Сондықтан, маман тапшылығын шешу мақсатында 20 маманды резидентураға және 30 маманды бакалавриатураға оқыту үшін облыс әкімдігінің гранты бөлінген.

Сырдария өзенінің сол жағалауына онкологиялық бөлімі бар 500 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысы республикалық жобалар тізіміне енгізілді. Заманауи құралдармен жабдықталған аурухананы Үкіметтің кепілдігімен Еуразиялық даму банкінің қаржысына салу жоспарлануда. Сонымен бірге, биыл 8 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілетін болады, – дейді Қуанышбек Досмайылұлы.

Сонымен қатар, блыста өткен жылы 19 әлеуметтік нысанның құрылысы салынып, олардың 11-і іске қосылған. Ал қалғаны биыл аяқталмақ. Десек те өңірде әлі күнге дейін апаттық нысандар бар. Қазіргі таңда анықталған үш апаттық мектептің екеуінде, атап айтқанда, Жалағаш ауданының Мөрәлі Шәменов атындағы елді мекенінде және Жаңақорған кентінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Арал қаласындағы №71 апаттық мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Өңірде бүгінде 3 ауысымда оқытатын мектептер болмағанымен, үш ауысымға өту қаупі қалыптасқан жеті мектеп бар.

Бұл – түсінікті жағдай. Облысымыздың дамуы негізінде халық саны артып жатыр, қосымша мектептер талап етілуде. 2019-2020 оқу жылында екі мыңнан астам бала бірінші сыныпқа артық барды. Бала санының артуы көңілімізге қуаныш ұялатады. Мектеп салу мәселелерін бюджет арқылы, сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша шешудеміз, – деді аймақ басшысы Ысқақов.

Бұдан бөлек, 2019 жылы жеке инвесторлар есебінен 1450 орынға арналған 3 мектеп салынған. Тағы да 3 инвестор жеке мектеп салуды жоспарлауда.

Сондай-ақ, Қуанышбек Ысқақов кейінгі жылы облыста жол-көлік апатынан қаза тапқандар көбейгенін айтты. Бұл мәселені шешу мақсатында биыл Қызылорда қаласының жолдарына 20 зияткерлік жылдамдық өлшеуіштер орнатылатынын жеткізді. Қазіргі таңда облыс орталығында тек қана 6 жылдамдық өлшеуіш жұмыс істеп тұр.

Бұрынғы жылдары жолдар мен көпқабатты үйлер аулаларында 270 бірлік шамасында бейнекамералар орнатқанбыз. Және мұнын оң нәтижесін де көрдік. Қылмыскерлік деңгейінің көрсеткіші тек соңғы жылда 19,5% төмендеді. Алайда, жол-көлік оқиғасының көрсеткіштерінде айтарлықтай 30 пайыздан асатын өсім байқалады. Бұл ретте, өлімге әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы 38 пайыз, жол-көлік оқиғасы барысында жарақат алғандар 22,4 пайызды құрап отыр. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіштер, – дейді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі өз баяндамасында қалаішілік автобустарға электрондық билеттеу жүйесі сынақтық режимде қосылғанын айтып өтті. Бұл жоба, қалада ашылған автобус паркінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Бюджет қаражаты есебінен де қосымша автобустар сатып алатын боламыз. Биылға 13 автобус сатып алуға 487 млн теңге қаралған, – дейді Қуанышбек Досмайылұлы.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...