Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері төленетін болады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.
Оның айтуынша, бұл бөлімше қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешу маңызды. Бұл өз кезегінде бұл саладағы жемқорлық әрекеттің алдын алуға әсер етеді.
Сондай-ақ ол антикоррупциялық қызмет Мемлекет басшысының Жолдауындағы бастамасын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Президент өз Жолдауында мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялардың шетелдік банкте есепшот ашып, бағалы заттарды сақтауына тосқауыл қою, сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша жазасын өтеушілерді мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу, сыбайлас жемқорлық бойынша жазаны күшейту сынды тапсырма берген болатын, - деп еске салды ол.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы «Қоғамдық тәртіп» туралы бөлек заң даярлау міндетін де қойған болатын. Бұл заң қоғамның сергектігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
Қазіргі күні агенттік тиісті мемлекеттік органдармен бұл тапсырмалардың заңнамалық тұстарын талқылауда.