Суға шомылу маусымы: Қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтап жүрсіз?

5 Маусым 2019, 14:40
9741
Бөлісу:
Суға шомылу маусымы: Қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтап жүрсіз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Суға шомылу маусымы басталып кетті. Оқушылардың бәрі демалысқа шыққан. Демалысты қызықты, әрі есте қаларлықтай өткізу үшін олар міндетті түрде суға шомылады. Алайда, суға шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін балалардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Білсе де дұрыс сақтамайды. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі қауіпсіздік ережелеріне аса қатты мән бере бермейді. Соның салдарынан әр түрлі оқыс жағдайлар жиі кездесіп жатыр. 

«Қазіргі кезде осы қауіпсіздік іс-шараларына байланысты жергілікті органдармен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Барлық облыста төтенше жағдайлар бойынша комиссия құрылған. Оған облыс әкімдері немесе орынбасарлары жетекшілік етеді. Бірінші кезекте балалар лагерін қадағалаймыз. Онда су және өрт қауіпсіздіктеріне қатты мән беріледі. Сондай-ақ, демалыс орындары жіті бақылауда болады. Әзірге демалыс орындары толықтай ашылған жоқ. Мысалы, Алматы облысындағы Алакөл, Шығыс Қазақстандағы Зайсан көлдерінде демалыс орындары жұмыстарын бастаған соң, шомылуға ағылатындар көбейеді. Біз құтқару жасақтарын ұйымдастырамыз. Сосын қоғамдық құтқарушыларды тартамыз. Өйткені, демалыс орындарының бәріне жасақтарымызды орналастыра алмаймыз. Сондықтан сол демалыс орындарынан істейтін адамдардан қоғамдық құтқарушыларды ұйымдастырамыз», - дейді Владимир Беккер. 

Оның айтуынша, жыл басынан бері 76 адамға суға кеткен. Оның ішінде 40-ы балалар. Ал шомылу басталысымен бір күннің ішінде 2 адам өмірімен қоштасып үлгерген. 

«Өкінішке қарай, бір күннің ішінде екі адам қаза тапты. Кеше Ақмола облысының Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылының қасында орналасқан мемлекеттік төтенше жағдайлар жөніндегі орталық авариялық-құтқару жасағы белгісіз жағдайда суға кеткен Әмитованың денесін тауып алды. Екінші оқиға Павлодар облысында болған. Мәселен, 3 маусым күні сағат 11: 40-та, Қара-Аба ауылының шетінде, құтқарушылар 1981 жылы туған азамат Ыдырысовтың мәйітін тапты. Куәгерлердің айтуынша, ол 3 маусым күні сағат 17:00 кезінде арнайы суға шомылу үшін жабдықталмаған аймақта батып кеткен», - дейді комитет төрағасы.

Комитет төрағасының мәліметі бойынша жыл басынан бері суға кеткен 76 адамның 27-сі балық аулауға шыққандар. Оның ішінде екеуі тоғаннан өтіп бара жатқанда қайтыс болған. Суару каналдарында 8 бала өмірімен қош айтысқан. Тағы екеуі адамдарды құтқару кезінде қаза тапқан (біреуі – Нұр-Сұлтан, екіншісі Атырау қаласында). 

Оның айтуынша, жалпы алғанда елде демалуға, балық аулауға немесе ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 50 мыңға жуық су қоймасы бар. Ал құтқарушылар саны 1380 адам ғана. 

«Біз, бұл су қоймаларына тіпті бір құтқарушы қоя алмаймыз.Қазақстанда жыл сайын 1200-1400  адам суға батады. Ал 800-900 адамды құтқарып қалуға мүмкіндік болады. Көбінесе, трагедиялар судағы қарапайым ережелерді сақтамаудан басталады», - дейді Беккер.

Елорданың төтенше жағдайлар департаментіның мәліметі бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында су қоймаларында адам өлімінің алдын алу үшін департамент қызметкерлері 23 рейд өткізіп, 90 тыйым салу белгілерін орнатқан. Сондай-ақ 15 ақпараттық тақтайшалар және 1790 буклет пен брошюралар таратқан. 

ТЖД хабарлауынша, қаланың су қоймаларында адам өлімінің алдын алу мақсатында полиция департаментімен біріккен кесте бекітіліп, онда суға шомылуға арналмаған орындар аса маңызды бақылауға алынды. Сонымен бірге, 1 маусымнан бастап шомылу маусымының соңына дейін сағат 12:00-ден бастап 21:00-ге дейін судан-құтару стансасында күнделікті полиция қызметкері кезекшілікке түсіп, Есіл өзені бойынша құтқарушылармен бірігіп әрбір сағат сайын бақылау жүргізіледі.

Судағы қауіпсіздік ережелері:

- Суға абайлап кіріңіз. Денеңіздің суға бейімделуіне мүмкіндік беріңіз;
- Өзіңізді қалтырауға дейін жеткізбей, 10-15 минутқа дейін ғана шомылыңыз;
- Аяқ-қолыңыз тартылған жағдайда - сасқалақтамаңыз, су бетінде қалуға тырысыңыз және көмекке шақырыңыз;
- Жүзе білмесеңіз, белден жоғары тереңдікке бармаңыз;
- Суға жалғыз шомылмауға тырысыңыз;
- Мас күйде суға шомылуға болмайды;
- Ағысқа түсіп кеткен жағдайда ағысқа қарсы жүзбеңіздер, ағынды жағаға жақындауға пайдаланыңыздар;
- Иірімге түсіп кетсеңіз, үрейге бой алдырмаңыз, терең дем алып, су астына сүңігіңіз де, ағыспен су бетіне шығыңыз;
- Суда тентектікке жол бермеңіз. Апат туралы жалған дабыл бермеңіздер. Бір-бірлеріңізден көз жазып қалмаңыздар;
- Қыздырылған күйі суға кіруге және тамақ іше салып суға түсуге болмайды;
- Егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, суға шомылуды дереу тоқтатыңыз;
- Үлкен толқындар кезінде шомылмаңыздар және таныс емес орындарда суға секірмеңіздер. Қайықтан, айлақтан және басқа су құрылыстарынан сүңгімеңіздер;
- Жағажай жағалауларымен айдындарын ластамаңыздар. Өзіңізбен үй жануарларын әкелмеңіз;
- Шомылғанда автокөлік доңғалағы камерасың, тақташаны, допты, үрлемелі матрасты т.б. қолданбаңыздар.

Жүзу құралдарын қолданғанда тыйым салынады:

1. Иесіз және техникалық ақаулы қайықтарды пайдалануға;
2. Құтқару және су төгетін құралдарсыз жүзуге шығуға;
3. Жүзу құралдарын жолаушылар сыйымдылығы мен жүккөтерімділігінен артық жүктеуге;
4. Ішімдік ішкен күйде серуендеуге;
5. Ересектердің қарауынсыз 14 жасқа дейінгі балалардың жеке серуендеуіне;
6. Қайықтың борттарында және алдыңғы герметикалық бөлігінде отыруға,
7. Жүзіп келе жатқанда орын ауыстыруға, сондай-ақ бір қайықтан екінші қайыққа ауысуға;
8. Қайықтан, катамараннан және т.б. тікелей суға түсуге;
9. Жүзу құралдарымен моторлы кемелерге жақындауға;
10. Түнгі уақытта жүзу құрадарын пайдалануға.

Суға батушыға алғашқы көмек көрсету бойынша ұсыныстар.

Суға батып бара жатқан адамды көре салысымен бірінші айналадағылардың назарын:

«Адам батып бара жатыр!»,- деп айғайлап аудару қажет. Әрқашанда суға батушыны құтқаруға ересек адам табылады.

Суға батушыны құтқару кезіндегі үш тәсіл:

Қолтығынан ұстап сүйреу:
Құтқарушы суға батушыны қол астынан ұстап, шалқасынан жүзе отырып сүйреп шығарады.

Шашынан сүйреу:
Суға батушыны бір қолмен шашынан немесе жағасынан ұстап, басын су бетінде ұстауға тырысып, кез келген тәсілмен жүзу.

Шынтағынан жоғары ұстап сүйреу:
Суға батушының артынан екі қолынан ұстап артқа қарай тартып, өзі сол (оң) қолын оның қолының астынан арқасына өткізіп, басқа қолынан шынтағынан жоғары ұстап, бір қырымен жүзу.

Есте сақтаңыз! Зардап шегушінің өмірін тыныс алуы тоқтағаннан кейін 6 минуттан кешіктірмей қайтаруға болады.

Зардап шегушіні судан шығарғаннан кейін:
Есте сақтаңыз:
Зардап шегушінің басын қисайта бұрып аузын құмнан, лайдан тазартыңыз. Осы әрекеттерге 15 секундтан артық уақыт кетпеуі тиіс. Зардап шегушінің дем алуын және тамыр соғысын анықтаңыз.

Бұлар байқалмаған жағдайда ауызбен дем алдыру қажет. Мойын астына киімді орап төсеп, басын барынша шалқайту керек.

Мұрынын қысып тұрып, құтқарушы терең дем алып, зардап шегушінің аузына дем береді.

Үрлеу жиілігі минутына 18-20 рет болуы керек.

Жасанды тыныс берумен бір мезгілде жүрек сыртынан массаж жасауға болады.

Төссүйектің жоғарғы үштен бір бөлігіне алақандарын айқастыра қойып минутына 70 рет жиілікпен басады (5 рет басқанда 1 рет ауа үрлеу).

Егер зардап шегушіде жүрек соғысы мен өздігінен тыныс алу пайда болса, оған ес кірді, яғни сіздің әрекетіңіз босқа кеткен жоқ.

Жүрек соғысы мен өздігінен тыныс алу пайда болғаннан кейін бірден құтқарылған адамды қайтадан ішіне аударып жатқызу керек және суды шығаруға тырысу қажет.

Өзгелердің жаңалығы