Бас жаңалықтар
"Сот арқылы ажырасудың құны бар-жоғы 830 теңге": Судья мемлекеттік баж көлемін көтеруді ұсынды
23 Қазан 2020, 11:48 187

"Сот арқылы ажырасудың құны бар-жоғы 830 теңге": Судья мемлекеттік баж көлемін көтеруді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов Қазақстан судьяларының VIII съезінде айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, жаңа заңдар қабылданды. Солардың ішінде әкімшілік институттар туралы заңның орны бөлек. Заң келер жылы қолданысқа енеді. Осы заңды қабылдаған елдерде экономика дамыды. Шенеуніктердің тәртібі жақсарды. Ең бастысы - халықтың билікке деген сенімі артты. Бұл институт бізде де жақсы жұмыс  істеуі үшін судьялар корпусына мықты заңгерлер қажет. Бірақ мықтылардың сот жүйесіне келгісі жоқ. Себебі жауапкершілік көп, ал әлеуметтік жағынан қорғалуымыз мардымсыз, - деді ол. 

Кәрібжанов атап өткендей, сол себепті де әрбір бесінші аудандық соттың төрағасы жоқ.

Сол себепті мемлекеттен сот жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі пайыздық жүйемен бекітілуі керек деп ойлаймыз. Әрине, экономиканың жағдайын жақсы түсінеміз. Меніңше, аталған мәселені бюджетке салмақ түсірмей шешудің тиімді жолы – мемлекеттік бажды көтеру. Мысалы, сот арқылы ажырасудың құны бар-жоғы 830 теңге. Өзбекстанда бұл сома 25 есе, ал Молдовада 120 есе көп. Баж төмен болғандықтан мыңдаған адам келісімге келмейді. Бірден соттасуды қалайды. Баждың мөлшері 90-шы жылдан бері мүлдем өзгермеген. Істердің 84 пайызы бойынша баж құны 5 мың теңгеге де жетпейді, - деді ол. 

Судья бұл ұсыныс әлеуметтік әлжуаз топтарға қатысы жоғын айтты. 

Оларды баждан мемлекетіміз міндетті түрде босатуы керек. Осы және басқа да жолмен қаржыландыруды көбейтсек, сот жүйесіне қатысты біраз мәселе шешімін табар еді, - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...