«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

26 Маусым 2019, 12:59
2717
Бөлісу:
«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті
PHOTO
Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пилоттық жоба Ақмола облысында іске қосылды. Шілде айының соңына дейін сыналмақ. Алыстан жете алмайтын не жасы егде тартып, үйінен шығуы оңай емес қарт кісілер балаларын видео арқылы көріп қуанып жатыр.

Ас болсын, мені естіп жатырсыз ба? Бүгін не істедіңіздер? Тағы кім бар үйде? (күледі – авт.). Иә, нормально все. Денсаулық, бәрі нормально. Өзіңіз қалайсыз? Иә (күледі – авт). Жаңа мұнда жаңбыр болды. Сендерде болды ма жаңбыр? Ешқайда бармадың ба бүгін? Мм... ясно, иә, конечно. Тағы қандай жаңалық? Иә, иә, түсіндім. Свадьбасы қайда болады? Ааа... (күледі – авт). Сәлем айт барлығына. Гүлмираны көрдім ғой (видео арқылы – авт.). Иә, иә, естіп жатырмын бәрін, көріп тұрмын.

Бұл диалогтағы сотталған Қанат Анафиннің сөзі. Әкесімен видео арқылы байланысқа шығып, мәз болып отыр. Сөйлескен кездегі оның сөзін материалға жазуға рұқсатын алдық.

«Мен 96-баптың 2-тармағына (Қылмыстық кодекс – авт.)сәйкес сотталдым. 2013 жылдан бері осы мекемеде жазамды өтеп жатырмын. Отырмыз енді. Бүгінгі видео байланысқа үйдегілер риза болып жатыр. Келе алмайды. Осылай видео арқылы сөйлескенге рақмет айтып жатыр. Әкеммен сөйлестім. Үйде бәрі жақсы, тыныш. Таксофонмен дауысын ғана естіп қоятынбыз, мұнда түрлерімізді көреміз. Үйге барғым келеді, семьяма. Аллаға сеніп отырмыз енді», - деп әсерімен бөлісті жазасын өтеп отырған Анафин.

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты Ақмола облысының Степногорск қаласында орналасқан қауіпсіздігі барынша жоғары ЕЦ 166/18 мекемесінде сотталғандар үй-ішімен 15 минут бойы видео арқылы сөйлесуге мүмкіндік туды.

Мекеме бастығы, әділет майоры Ербол Мусиннің айтуынша, пилоттық жоба ҚАЖ комитетінің бастамасымен қолға алынған. Сондай-ақ, үйіндегілермен видео арқылы байланысқа шығуға тәртібі жақсы болған сотталғандардың «шансы» көбірек болады. Яғни, видеобайланыс оларға ынталандыру ретінде қолданылмақ. Ал мекемеге келген туыстарымен кездесуінің саны сол күйінде қалады. Яғни, видео арқылы байланысқаны үшін оның қысқамерзімді және ұзақ уақытқа рұқсат етілген кездесуінің саны қысқармайды.

«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

«Бүгінде қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемелерінің қызметін жақсарту мақсатындағы жоспарды іске асыру аясында сотталғандар видеобайланысқа шыға алатын жоба қолға алынды. Жобаның сотталғандардың туысқандарымен әлеуметтік тұрғыдан байланысын жақсартуда маңызы зор. Туыстарымен қарым-қатынасын нығайтуға да әсер етеді. Яғни, сотталғандар туыстарын бұрын естіп қана қойса, енді экран арқылы көруге мүмкіндік беріліп отыр. Оның үстіне, сотталғандар үшін стимул. Осылайша тәртібі жақсы болғандардың видеобайланысқа шығуын ынталандырамыз, олардың мүмкіндігі басым болады. Видеобайланыс қызмету ҚАЖ комитеті бастамашалық етуімен қолға алынды. Әзірге пилоттық жоба. Тағы айта кету керек, сотталғандарға жылына немесе айына мұнша рет видеобайланысқа шығуға болады деген сан жағынан шектеу жоқ», - деді мекеме бастығы.

Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, сотталғандар таксофон арқылы туыстарымен өз қаражаттарына сөйлеседі. Егер пилоттық жоба әрі қарай енгізілсе, видеобайланыстың ақысын да сотталғандар өздері өтейтін болады. Егер мекемеде жұмыс істемейтін сотталған болса, ақшасы болмаса, олар үшін туыстары төлей алады.

Бүгінде 15 сотталған азамат жақындарымен видео арқылы сөйлескен.

«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

«Қазір мен туыстарыммен видео арқылы сөйлестім. Олар да, мен де риза болып жатырмыз. Барлығы жақсы. Әпкемді, жиенімді, ағамды, әкемді көрдім. Жиенім өсіп қалыпты. Үй ішін көрдім. Үйде болмағаныма көп болды. Қылмыстық атқару кодекстің 96-бабы 1-бөлімі – қасақана өлтіру қылмысы үшін жазамды өтеп жатырмын. 11 жылға сотталдым. Тағы 3 аптадан кейін 6 жыл болады. Келер жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босауым мүмкін. Жұмыс істеймін. Енді міне видеобайланыс қосылды. Үйдегілер таңғалып жатыр. Кәдімгідей көзбен көрдім. Келесіде басқа туыстарыма қоңырау шалғым келіп отыр», - деді видеобайланыс арқылы үй ішімен сөйлескен жазасын өтеуші Евгений Власов.

«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

Әділет лейтенанты Данияр Жоламанов сотталғандар туыстарымен видеобайланысқа шыққан кезде қасында отырады. Оның алдындағы компьютерде байланысқа түскен екі адам көрініп тұр және олардың әңгімесін толық тыңдайды. Егер сұхбаттасушылар «нормадан тыс» сөздер айтып қойса, оларға ескертусіз Данияр Жоламанов байланысты тоқтата алады.

«Бұл мекемеде 2 жылдан бері қызмет етемін. Қазіргі уақытта сотталғандар видеобайланысқа шыққанда отыратын «цензормын», басқаша айтқанда цензураны бақылаушымын. ҚР Қылмыстық атқару кодексінің 109-бабының негізінде, сотталғандар туыстары, жақын достары, әріптестерімен қарым-қатынасын сақтау үшін екі түрлі байланысқа шығу құқығы бар. Біреуі – кәдімгі қоңырау шалу. Екіншісі – видеобайланыс. Жаңғырту бағдарламасына және демократизициялауға сәйкес қазір, қылмыстық атқару жүйесінде жаңа практика енгізілді. Мен цензор ретінде видеобайланысты өз компьютерім арқылы бақылаймын. Әңгімелеріне араласпаймын. Цензордың талап ететін қағидасын бұзса, біз байланысты тоқтатуға толық құқылымыз. 104-бап, 3-бөлігінің 15-тармағына сәйкес, сотталғандар лексикасында цензураға жат бейәдеби сөздерді қолдануға тыйым салынады. Бұдан бөлек дауыс көтерсе, түрлі ым-ишарамен жат қылық танытса, ашуланып, агрессия көрсетсе, бақылаушы ретінде байланысты үзе аламыз», - деді Жоламанов.

«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

Сотталғандар кез келген уақытта видеомен сөйлесе алмайды. Видеобайланысқа шығу үшін өтініш жазады. Сосын ол жалпыға бірдей шаралар уақытынын тыс кезге жоспарланады, яғни олардың күн тәртібіне сәйкес, байланысқа түсетіндердің кестесі құрылады. Таңертеңгі сағат 9-бен кешкі 18.00 арасындағы уақытқа белгіленеді. Мұның реті туралы әділет лейтенанты толық айтып берді.

«Свадьбасы қайда болады?» Қазақстанда сотталғандар отбасымен алғаш рет видео арқылы сөйлесті

«Сотталғандар видеобайланысқа шығу үшін алдымен мекеме бастығының атына өтініш жазады. Өтініште кіммен видеобайланысқа шыққысы келетінін (аты-жөнін – автор), ЖСН-нын, электронды поштасын, телефон нөмірін, тұрғылықты мекенжайын көрсету керек. Сонымен қатар, ол адамның сотталған азаматқа кім болып келетінін жазады. Себебі Қылмыстық атқару кодексінің 109-бабына сәйкес, сотталғандар өзіне жақсы әсер ететін адамдармен сөйлесу керек. Мысалға, қылмыс жасаған немесе сотталған адамдар болмау керек. Одан әрі өтінішке қарай, мен арнайы бағдарламаны ашамын да, туыстары мен сотталғанға ыңғайлы уақытты таңдаймыз. Кейін сотталған азамат берген барлық деректі базаға тіркейміз. Тіркегеннен кейін туыстарының электронды поштасына сілтеме келеді. Олар сол сілтемеге басады. Сонда қай уақытта, кіммен видеобайланыс болатыны туралы мәлімет тұрады. Межеленген уақытта, сілтеме арқылы порталға кіріп, видеомен сөйлеседі. Бұл қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме болғандықтан, бұл жабық канал деуге болады. Ал, бұрынғы телефон арқылы қоңырауға қарағанда, экран арқылы көріп сөйлесудің, яғни аудио қоңырау мен видео қоңыраудың айырмашылығы бар. Видео арқылы қоңыраудан кейін сотталғандар өздеріне көңіл бөле бастайды, жігерленеді. Психикасына оң әсер ететінін көріп отырмыз. Жылдам босауға асығады, ол үшін тәртібін жақсартады», - деді бақылаушы.

Туыстары үшін ешқандай шектеу жоқ. Тек екі жақ та этика нормаларын сақтау керек. Бұдан бөлек видеобайланысқа шығуға шектеу қойылған сотталғандар бар. Бұл туралы ЕЦ 166/18 мекеме бастығының режим және жедел бөлімі бойынша орынбасары Рахат Қожахметов айтты.

«Мекемеде 850 сотталғанды ұстау лимиті қарастырылған. Қазір 500-ге жуық сотталған бар. Олардың ішінде видеобайланысқа шығуға шектеу қойылған сотталғандар отыр. Атап айтсақ, олар қатаң жағдайда ұсталатын сотталғандар, мінездемесі нашар, тәртіптік жағдайды бұзғандар туыстарымен осындай мүмкіндіктен айырылады. Бұдан бөлек айта кетсем, видеобайланыс сотталғандардың тәрбиеленуіне, түзелуіне үлкен үлес қосуы мүмкін. Сотталғандардың құқығы шектеулі, олар туыстарымен заманауи өзгеріске сай хабарласуға дайын. Олардың уайымы азайды. Көзбе-көз болмаса да, экран арқылы көру содан кем емес деуге болады», - деді Қожахметов.

Бұл қызметті мекемеге «Қазғарыш» ұлттық компаниясы орнатпақ. Бұрынғы таксофон байланысты «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын. Енді уақыт өте келе, «пилоттық жоба жақсы нәтиже көрсетсе, таксофонның орнын видеобайланыс басады» деп отыр ҚАЖ комитетінің қызмектерлері.


Өзгелердің жаңалығы