Сот үкімімен келіспеген азамат аузын тігіп тастады

18 Қыркүйек 2019, 12:15
2810
Бөлісу:
Сот үкімімен келіспеген азамат аузын тігіп тастады
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысындағы абақтыда жатқан сотталушы өзінің аузын тігіп тастады. Бұл туралы Astanatv.kz хабарлады.

Есірткі саудалады деп айыпталған Руслан Бобров сот үкіміне қарсы, бірнеше рет шағым жазған. Алайда аппеляциялық арыздары қанағаттандырылмады. 

Жұбайы оның денсаулығы үшін алаңдаулы. 

"Ол өзінің аузын тігіп тастауға мәжбүр болды. Ажалын абақтыдан таба ма деп қорқам. Оларды түрмеде қорлайды, жәбірлейді. Сотталушының аузын тігіп, аштық жариялағанына бүгін төртінші күн. Алена Татарчукова жұбайының өмірі үшін алаңдап отырғаны сондықтан. Бірақ колониядағылар оның денсаулығын ұдайы тексеріп отыратындарын айтты. Егер халі нашарлай бастаса, күштеп тамақтандырамыз дейді", - деп түсіндірді оның жұбайы Алена Татарчукова. 


ҚР ІІМ ҚАЖК департаменті ЕЦ-166/5 мекемесінің бастығы Қанат Ашовтың айтуынша, ол бейнебақылау орнатылмаған әжетханаға кіріп, аузын тігіп тастаған.

"Кешкі 7 мен 9-дың арасында оларға тұрмыстық заттар беріледі. Оның ішінде ине-жіп те бар. Сонымен әжетханаға кіріп, аузын тігіп тастады. Ол жерде бейнебақылау камералары болмайды. Руслан Бобров сот үкімімен келіспей отыр. Есірткі сатқаны үшін оны 10 жыл бас бостандығынан айырған. Ал ол кінәсін мойындамайды. Тіпті, жазықсыз жала жабылғаны туралы бас прокуратураға арыз түсірген. Ол аздай, бейнежазба таратқан", - деді Қанат Ашов.

Өз кезегінде сотталушы абақты қызметкерлері қызметін асыра пайдаланатын жеткізді.

"Менің арыз-шағымдарым қарастырылып жатқан да жоқ. Істің байыбына бармай жатып, «барлығы заңды» деп кері хат жолдай салады. Ал егер зерттеп қараса, менің кінәсіздігім дәлелденер еді. Құзырлы органдардан маған назар аударып, мен отырған түрмеге келулерін сұраймын. Мұндағы қызметкерлер қызметін асыра пайдаланып, түрлі қысым көрсетеді", - деді сотталушы Руслан Бобров.

Алайда Ішкі істер министрлігі колониядағы әлемжеттікті жоққа шығарды. Ал сотталушының қарсылық акциясын бақылауда ұстап отырмыз деді.  

"Сотталушыға қатысты зорлық фактілері тіркелген жоқ. Ол өзі де шағымданған емес", - деді ҚР ІІМ ҚАЖК басқарма басшысы Қайрат Мырзашев.

Өзгелердің жаңалығы