Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Корей мәдени орталығы ай күнтізбесі бойынша келген жаңа жыл мерекесі - Сольнальды тойлады. Корей жаңа жылын тойлауға орталыққа 400 жуық астаналық жиналды.
Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бізбен бірге Сольналь мерекесін тойлауға келгендеріңіз үшін раxмет. Сольналь мерекесі - ай күнтізбесі бойынша бірінші айдың бірінші күнінде тойланады. Сондай-ақ жыл мезгілінің өзгеруін білдіреді. Яғни қыс аяқталып, көктемнің келгендігін білдіреді. Бұл жағынан Сольналь Наурыз мерекесіне ұқсас. Корей мәдени орталығы Кореяның Қазақстандағы өкілі ретінде қонақтар үшін арнайы мәдени бағдарлама дайындады. Орталыққа келген қонақтар корей ұлттық ойынын ойнап, ұлттық тағамы ттоккуктан дәм татып көре алады. Корейлердің осы мерекені қалай тойлайтындарын көріп, сол атмосфераны сезіне алады, - деді орталықтың директоры Ли Херан.
Директордың айтуынша, Сольналь мерекесі - отбасылық мереке. Яғни оны тойлауға ең жақын адамдар жиналады.
Сольналь - отбасылық мереке. Атаулы күнге орай туыстардың бәрі әулеттегі жасы үлкен кісінің үйіне бір күн бұрын жиналады. Келесі күні Жаңа жылдың алғашқы айының бірінші күні болғандықтан бәрі ерте тұрады. Жаңа, таза киімдерін киіп, ата-бабаларына, үлкендерге тағзым етіп, "сэбэ" жасап, бір-біріне жаңажылдық тілектерін білдіреді. Бүкіл отбасы таңертең міндетті түрде "Ттоккук" деп аталатын ұлттық тағамды ішеді. Корейлер үшін Ттоккукті ішсең, тағы бір жыл өмір сүрдің деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, корейлер ұлттық ойындар ойнап, мерекені көңілді өткізеді. Кешке туыс-жақындар мерекелік дастарxан басында жиналады, - деп атап өтті Ли Херан.
Орталық директорының айтуынша, бұл мерекеде жыл сайын ата-аналары балаларынан сыйлыққа не қалайтындарын сұрайды. Сыйлық ретінде көбі ақша сұрайды. Жастар үлкендерге "сэбэ" жасағанда, "сэбэтон" (қалтадағы салынған ақша) сыйлық күтеді. Сольнальда алған ақша жыл бойы ешқандай жоқшылық көрме деген мағынада беріледі.
Орталыққа жиналған қонақтар да бір үлкен отбасы болып, Жаңа жылды атап өтті. Жаңа жылда айтатын ән шыршап, ұлттық би билеп, ттоккуктан дәм татты. Сондай-ақ, келушілер каллиграфия көмегімен корей тілінде тілек жазып, корей ұлттық киімі "Ханбокты" киіп көрді. Қонақтар туxо-нори, ют-нори, чегичxаги деп аталатын ұлттық ойын ойнады.
Біз орталық жайында бұрыннан xабардармыз. Дегенмен келуге мүмкіндік болмай жүр еді. Қызым әлі кішкентай болғанда келгенбіз. Ал қазір қызым өсіп, корей мәдениетіне, танымал топтардың әндеріне қызығып жүр. Сольналь тойланатынын интернеттен көріп, мені ертіп келді, - дейді кеш қонағы Олег Лигай.
Корей мәдени орталығы 2010 жылы наурызда елордада ашылған. Айта кетейік бұл Орталық Азиядағы жалғыз орталық. Биыл ашылғанына 10 жыл толады. Соған орай, орталық түрлі мәдени мерекелік бағдарлама әзірлеуде. Орталық Корей мәдениетін дамыту мақсатында құрылған.
Бүгін орталыққа 400 жуық қонақ жиналды. Өткен жылы Сольнальды тойлауға 300 адам жиналған болатын. Осылай жыл сайын келушілер саны артуда. Осы жылы наурызда бізге - 10 жыл. Онжылдық мерейтойға орай, түрлі іс-шара жоспарлануда. Түрлі көрме өтеді. Соның бірі түстерге арналған көрмені Тұңғыш президент музейінде өткізу жоспарлануда. K-Pop фестиваль, пианист кеші, ұлттық музыкаға арналған концерт өтеді, - деп Ли Херан орталықтың алдағы жоспарымен бөлісті.
Наурызда DMZ тақырыбына арналған фотокөрме өтеді.