Бас жаңалықтар
Смайыл Сейтбеков: Жұмыртқаның да халал, халал емесі болады
13 Наурыз 2020, 11:32 4412

Смайыл Сейтбеков: Жұмыртқаның да халал, халал емесі болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір елімізде халал өнімге деген сұраныс артуда. Соған орай халал сертификат беретін мекемелердің де саны артып келеді. Ал, олар қандай талаптар қояды, неге мән береді? Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Халал" өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі, Смайыл Сейтбековпен аз-кем әңгімелескен едік.

– ҚМДБ халал сертификат беру үшін өндірушілерден ең алдымен нені талап етеді?

– Халал сертификат беру мәселесі, ең алдымен, діни мәселе екенін түсінуіміз керек. Алла тағала Құранда астың адалын және тазасын жеңдер, деп бұйырған. Яғни алдыңа келген, көзіңе көрінген астың бәрін талғамай жұта бермей, оның адалына, тазасына мән беруіміз керек. Сонымен қатар Алла тағала өлексенің етін, біссімілләсіз бауыздалған малдың етін, доңыздың етін жеуге және қан ішуге тыйым салған. Міне, сондықтан да халал мәселесін діни мәселе деп айтып отырғаным осы. Соңғы 20-30 жыл көлемінде бүкіл әлем елдерінде осы халал мәселесі көтеріле бастады. Оған себеп, күнделікті пайдаланып жүрген тағамдарымызға түрлі қоспалардың қосылуы.

Соңғы жылдары еліміздің тұрғындары да халал дегенге аса мән беріп қарайтын болды. Біздің бала кезімізден құлағымызға да, санамызға да әбден сіңген бір сөз бар, ол: кез келген шұжыққа доңыздың майы қосылады екен, арам өлген малдың еті қосылады екен деген сөз. Алайда, қазы қартаға қарағанда дүкендегі ең қолжетімді тағам сол, шұжық. Сапарлап бара жатып жолда жегенге болсын, балаларға бергенге болсын, дастарханға қойғанға болсын осы калбасаны жөн көріп отыратынбыз. Еліміз егемендік алып, имандылыққа бет бұрған кісілердің саны көбейігелі колбасаға деген күмән күшейді. Халал тағамға деген сұраныс артты. Бұл күн тәртібіндегі өткір мәселеге арналды. Тіпті парламенттің мінберінде қозғалды. "Колбасаны алғымыз келеді, алайда оның не адал, не арам екенін білмейміз. Сыртында халал деген жазуы бар өнімдердің ішінен доңыздың майы бар екені анықталып жатыр. Осыны бақылауды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қолына алса. Тексеріп, адал, арамын анықтап сертификат берсе" дегендей ұсыныс та айтылды. Қоғам тарапынан да "ҚМДБ осы елдегі мұсылмандардың қара шаңырағы, неге осындай мәселеге көз жұмып қарап отыр, неге реттемейді" деген секілді біраз сын-пікірлер де айтылды. Одан бөлек шет елдерден халал деген жазуы бар өмімдер келе бастады. Ал, ол елдерде халал сертификат қалай беріліп жатыр? Зертханалардан өткен зерттеу қорытындысын көрмегеннен кейін оларға күмән басым. Олар өнімді тексермей, анықтамай халал деген сертификат бере беруі де мүмкін. Осындай түрлі пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп 2014 жылы ҚМДБ жанынан Халал сертификат беру бөлімі ашылды. Бірақ біз ешкімді мәжбүрлі түрде халал сертификат алуға міндеттей алмаймыз. Қаласа алсын, қаламаса алмасын.

– Қазіргі таңда елімізде сіздерден басқа халал сертификат беретін неше мекеме бар?

– Менің білуімше, елімізде халал сертификат беретін бес мекеме бар. Соның біреуі мүфтият. Осы жерде айта кететін дүние, біз еліміздегі өзге халал сертификат беретін мекемелермен бәсекелес емеспіз. Ең алдымен мүфтият үшін халал сертификат беруді табыс көзі емес, шариғаттың талабы, өзінің міндеті деп қарайды. Біз бүгінгі ел алдындағы, ертеңгі Құдай алдындағы жауапкершілікті түсініп отырмыз. Сондықтан біздің сертификатты алу біраз өндірушілер үшін қиындық тудыруы мүмкін. Себебі талабымыз көп, жеңілдік жоқ.

– Егер мен алғым келген шұжықтың сыртында сіздердің емес, өзге мекеменің халал сертификаты берілгендігі туралы белгі тұрса... Бұл күмәнді ма, халал ма?

– Біз өзге мекемелердің беріп жатқан халал сертификатына күмәнмен қарап, оны айыптай алмаймыз. Олар қалай тексеріп жатыр, нені талап етіп жатыр ол жағын нақты білмегендіктен ештеңе айта алмаймыз. Оны тұтынушының өзі таңдау керек. Мен тек өзім сертификат берген өндірушілердің өнімдеріне ғана жауап бере аламын. Мәселен, сыртында ҚМДБ деген белгісі бар шұжыққа қатысты айтайық. Ол малды қай жерден алды? Қандай жеммен бақты? Қай жерде сойылды? Қай жерде өңделді? Тауықтың еті болса ол қайдан келді? Қандай дәмдеуіштер қосылды? Ол дәмдеуіштер қайда өндірілді? деген секілді сұрақтың барлығына мен жауап бере аламын.

– Расында да, қазір дәмдеуіштер мен түрлі қоспалар көп-ақ. Солардың ішінде ешқашан пайдалануға болмайды деп қай қоспаны айтар едіңіз?

– Ешқашан пайдалануға болмайтын қоспа ол Е-120 деген қоспа. Оны негізінен конфеттерге, сусындарға, тортқа бояғыш ретінде пайдаланады. Е-120-ның өзге бояғыштардан ерекшелігі – ешқашан түсін өзгертпейді. Тіпті, қайнатсаң да сол түсін сақтап тұрады. Себебі ол майда қоңыздың қанынан жасалады. Сол бір литрдей қан алу үшін, жүз мыңдаған қоңызды езеді. Сондықтан мұндай қоспаны ешқашан пайдалануға болмайды. Егер сіз сатып алғалы тұрған өмімнің құрамында Е-120 деген жазу болса, оны алмаңыз. Оның құрамында қан бар. Ал, бағана сөз басында айтқанымдай, шариғатта қан ішуге болмайды.

– Халал деген сөз трендке айналып кетті қазір. Халал жұмыртқа, халал су дегендерге де сертификат бергенсіздер ма?

– Расында да, халал жұмыртқа дегенді естіген кісі таң қалады. Бірақ оның да халал, харамы болады.

– Сонда қалай?..

– Мәселе оны тауық туғанында емес, мәселе сол тауықтың не жегенінде. Қазір көптеген құс фабрикалары күніне он мың, жиырма мың бас тауық сойып, етін өткізеді. Ал оның басы, аяғы, ішкі органдары қайда кетеді деп ойлайсыз?

– Не көміп, не өртеп жіберетін болар...

– Жоқ. Ол жерде күніне жиырма мың бас сойылады. Ал жылына сойылатын тауықтың қалдығын қайда көме береді. Сыртқа ашық үйіп тастаса, біріншіден, иісі шығып ауаны ластайды, екіншіден, одан вирус тарайды. Сондықтан олар күнделікті шығатын қалдықтар бар, арасында өліп қалған тауығын, тапталып қалған балапанын бәрін еттартқыштан өткізіп, ұнтап, кептіріп, оған түрлі дәрумендер қосып, тауықтарға жем ретінде қайта береді. Демек, тауықтарды өлексемен бағып отыр. Ал өлексені жеген тауықтың еті де, жұмыртқасы да халал болып есептелмейді. Яғни құс фабрикасы балапандарға осындай ет және сүйектен жасалған жем беретін болса, біз оларға халал сертификат бере алмаймыз.

– Ал, халал су ше?

– Біз де суға сертификат беруге құмартып тұрғанымыз жоқ. Бұған дейін де суға халал сертификат берген жоқпыз. Егер су өндіруші өзінің өнімі үшін алғысы келсе, оны дәлелдесе, стандартқа сәйкес, талапқа сәйкес жасаймыз десе, кері қайтармаймыз. Кәсіпкер өнімін шет елдерге шығарғысы келсе одан міндетті түрде сертификат сұрайды.

– Сіздер сертификат берген мекемелердің талапқа сай жұмыс жасап жатқанын қадағалап отырасыздар ма?

– Әлбетте. Әр екі ай сайын өңірдегі арнайы өкілдеріміз барып тексеріп тұрады. Сол тексерістің қорытындысы бойынша ол мекемелермен жұмыс жасауды әрі қарай жалғастырамыз немесе тоқтатамыз. Мәселен жуырда ғана Тараз, Түркістан, Шымкент қалаларын түгел тексеріп шықтық. Сол секілді екі өкілді Павлодарға, тағы бірін Қарағандыға жібердім. Егер стандартқа сай болмаса ескерту береміз, оған көнбесе сертификатты қайтып аламыз. Сосын ол мекелелермен жұмыс жасамайтынымызды, сертификатымызды қайтарып алғанымызды әлеуметтік желі арқылы көпшілікке хабарлаймыз.

– Сіздер KFC өнімдеріне халал сертификатын бердіңіздер да, кейін қайтып алдыңыздар. Бірақ келесі мекеме халал деген сертификат берді.

– Себебі олар біздің талаптарымызды орындамады.

– Сонда KFC халал емес пе?

– Жоқ. Мен сөз басында айтқанымдай біздің талап өте қатал. Біз оның етінен бөлек, тауықтың не жегеніне дейін, одан бөлек дайындалу барысындағы қосылатын әрбір қоспасын зертханалық тексеруден өткіземіз. Сол кезде күмәнді дүние байқалса сертификат бере алмаймыз. Сондықтан KFC өнімдерін харам деп емес, шариғат талаптарына сай келмейді деп қана айта аламыз.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Фото: дереккөз
Загрузка...