Бас жаңалықтар
Шөкеев 31 млн долларға салынған стадионға қатысты түсінік берді
16 Қараша 2020, 13:40 1482

Шөкеев 31 млн долларға салынған стадионға қатысты түсінік берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев BAQ.KZ тілшісінің жаңадан салынған стадионға қатысты сауалына жауап берді.

Жақында Түркістан қаласында 7000 орынға арналған «Түркістан-арена» стадионы ашылған болатын. Облыстық спорт басқармасының мәліметі бойынша,  стадионды салуға шамамен 13 млрд теңге (31 млн АҚШ доллары) жұмсалған көрінеді. Тапсырыс беруші - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Еуропада мұндай қаржыға 7 мың емес, 20-25 мыңдық трибунасы бар стадиондар салынады. Мысалы, Италиядағы 25 144 көрерменге арналған «Дачиа Арена» стадионына 23,6 миллион доллар жұмсалған. Түркиядағы 27 532 көрерменге арналған «Сивас Арена» стадионына 21,3 миллион доллар ғана қаржы кеткен. Неге BI Group компаниясы алақандай стадион үшін көп қаржы сұраған? Осы сауалды әкімге қойған едік. 

Бізде 7 мың адамға арналған стадион салынды. Осы ретте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына рахметімді айтқым келеді. Қалада бірнеше нысандарды салып берді. Оның біреуі – осы стадион. Өте жоғары сапада, қазіргі заманның талаптарына сай. Еуропадағы стадиондармен біздің стадионды салыстыруға болмайды. Ол жақтағы стадиондар тек алаң мен трибунадан тұрады. Біздікі көпбейінді стадион. Алып кешенде спорттың әр бағыты бойынша жеке-жеке залы бар. Стадионның негізі футбол алаңынан бөлек, жеңіл атлетикаға арналған жолақ бар. Акробатика, бокс, ауыр атлетика, спорттық гимнастика және йога залдары толық талаптарға сай жасақталған. Әзірге 7 мың трибуна жеткілікті деп отырмыз. Егер адам көбейіп жатса, қақпаның артына орындықтар қойып, үлкейтуге болады, - дейді Өмірзақ Шөкеев. 

Түркістан қаласында 2005 жылдан бері футбол клубы жоқ. Жергілікті «Яссы» клубы 2005 жылы таратылған. Өңір басшысының айтуынша, облыстағы үш команданың біреуі алдағы уақытта премьер-лигада ойнауға бар күштерін салатын болады. 

Түркістанның премьер-лигада командасы болуы тиіс. Қазір бірінші лигада үш командамыз бар. Үшеуі де бірінші лиганың жоғары сатысында жүр. «Арыс» екінші, «Қыран» үшінші орын алды. «Мақтаарал» төртінші орынға тұрақтады. Осылардың арасынан құрастырып, бір команда шығарамыз деген жоспарда бар, - дейді әкім.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...