ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу құралдары кеңейтілді

29 Шілде 2020, 15:17
1717
Бөлісу:
ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу құралдары кеңейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында экономиканы қолдау шаралары бойынша өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

Шағын және орта бизнесті (ШОБ) жеңілдікпен несиелеу құралдары айтарлықтай кеңейтілді. Несиелеу көлемі 1 трлн теңгеге артты. Бұл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге және Ұлттық Банк желісі бойынша жаңа 600 млрд теңге. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша салаларды қамту жағы едәуір кеңейді. Қарыз алушылар үшін соңғы мөлшерлеме 6%-ды құрайды. Жыл басынан бері «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 112 млрд теңгеге 1700-ден астам жоба қаржыландырылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 5 216 жоба іске асырылды, 22,9 млрд теңге несие бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 382 млрд теңге сомасына 1500-ге жуық жоба қаржыландырылды, - деді ол.

Министр брифинг барысында Ұлттық банк салалық шектеулерсіз, оның ішінде жеке кәсіпкерлер үшін 600 млрд теңге сомасына шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске қосқанын айтты.

Кредиттер айналым қаражатын толықтыру үшін 1 жылға 8%-бен беріледі. Жыл басынан бері аталған бағдарлама бойынша 347 млрд теңге сомасына 2 570 жоба қаржыландырылды. Жалпы, 4 бағдарлама аясында («БЖК-2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» және ҰБ бағдарламасы) жыл басынан бері 864 млрд теңгеге 11 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Бүгінгі таңда 660 млрд теңге сомасына 3 259 жоба қаралуда, - деді ол.

Руслан Дәленов бизнесті салықтық ынталандыру шараларына тоқталды.

2020 жылдың 1 маусымына дейін ШОБ субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу кейінге қалдыру шарасы енгізілді. Экономиканың ең осал секторларында жыл соңына дейін мүлік салығының ставкасы нөлге теңдестірілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында импорт кезінде есепке алу әдісімен қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу мүмкіндігі берілген. 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. Экономиканың ең көп зардап шеккен 29 секторында 2020 жылдың 1 қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша нөлдік ставкалар белгіленді. Бұл жеке табыс салығы және қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар. Жалпы, мұндай шаралармен 1 трлн теңгеге жуық сомаға шамамен, 700 мың салық төлеуші қамтылған, - деді министр.

Министрдің мәлімдеуінше,  бұған дейін төтенше жағдай кезеңінде ШОБ-тың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін негізгі борышты және кредиттер бойынша сыйақыны төлеу бойынша 90 күнге кейінге қалдыру мүмкіндігі берілген болатын.

Қазіргі дағдарыс экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруды және ішкі сұраныстың әлеуетін ашу бойынша белсенді шаралар қабылдаудың ерекше өзектілігін көрсетті. Бүгінгі таңда азық-түлік тауарларының негізгі түрлерін импортты алмастыру үшін инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда. Биыл импортты алмастыруға және сыртқы күйзелістерді нивелирлеуге бағытталған агроөндірістік кешен (АӨК) саласында 44 жобаны іске асыру басталды. Бұл құс фабрикалары, ет комбинаттары, сүт зауыттары, қант және балық зауыттары, сондай-ақ, алма бақтары, - деді Дәленов.
Өзгелердің жаңалығы