Шиелі ауданындағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады

2 Сәуір 2021, 06:37
2692
Бөлісу:
Шиелі ауданындағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Шиелі ауданындағы сегіз елді мекенге газ тартылады. Оған 3 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Қамбарбек Мүбараков айтты.

Қазіргі таңда Шиелі кентіндегі 6351 тұрғын үйге, 190 мекеме газға қосылған. Жеке тұрғындардың есебінен Ы.Жахаев және Бидайкөл елді мекендерінде газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қос ауылда 760 үйге газ кіргізілді. Өткен жылдың соңында Байсын елді мекеніне де көгілдір отын берілді. Ауылдағы 140 үй газды пайдаланып отыр.

Ауданға қарасты ауылдарды көгілдір отынмен қамту жұмыстарын кезең-кезіңмен жалғастырып жатырмыз. Н.Бекежанов ауылын газдандыруға өткен жылдың желтоқсан айында 100 млн теңге қаражат бөлініп газдандыру жұмыстары бастау алса, бүгінгі таңда осы жобаға қосымша 327 млн теңге қаржы бөлінді, үстіміздегі жылы ауылды толық газға қосатын боламыз. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қодаманов ауылын газдандыруға республикалық бюджеттен 557 млн теңге қаражат бөлінді. Қазір мердігер мекеме анықталуда. Жақын арада басталады, – деді аудан басшысы Қамбарбек Мүбараков.

Ақмая, Алғабас, Бестам, Ақтоған, Жиделіарық, Еңбекші елді мекендерін газдандыруға жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.

Ал Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендерін газдандыруға жоба сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде. Қалған ауылдарға газ тартуға қатысты құжаттарына қаржы қарастырылып, жұмыс жасалуда.

Өзгелердің жаңалығы