Шекарашылар қытайдың дәрі-дәрмегін тәркіледі

5 Шілде 2019, 11:50
4046
Бөлісу:
Шекарашылар қытайдың дәрі-дәрмегін тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Қорғас» шекаралық бақылау отрядының жауапкершілік аумағындағы «Шекара бойы ынтымақтастығы орталығында» шекарашылар елімізге 9 кг қытай дәрі-дәрмегін, 16 дана «IPODS» маркалы сымсыз құлаққапты заңсыз енгізбек болған 1976 жылғы азаматшаны ұстады. Кеденшілерді алдап өткен әйел шекарашылардың қырағы көзінен құтылмады. Заңсыз тауар актіленіп, «Алтынкөл» кеден бекетіне тапсырылды.

Ал «Нұр-Сұлтан» шекаралық бақылау отрядының шекара наряды «Нұр-Сұлтан - Варшава» бағытымен ұшқалы тұрған № LOT-196 ОПК әуе рейсін ресімдеу барысында кедендік тексеруден өтіп болған 1984 жылғы Қазақстан азаматын ұстады. Ол өзімен бірге кедендестірілмеген 17 000 АҚШ долларын алып шықпақ болған екен. Заңсыз қаражат актіленіп «Астана - Әуежай» кеден бекетіне тапсырылды.

Қордай шекара отрядының «Қарасу авто» өткізу бөлімшесінде шекаралық тексеруге көрші елдің аумағынан «Тойота Камри» автокөлігімен жақындаған жүргізуші автокөліктен шыға беріп, қалтасынан әлдеқандай бір затты елеусіз алып шығып бір шетке қарай лақтырып жіберді. Алайда шекарашылар мен олардың есірткі затын іздеуге арнайы үйретілген қызметтік иті оның қимылын қалт жібермеді. 1964 жылғы қазақстандық салмағы 5 грамм көлеміндегі қошқыл-жасыл түсті, өзіндік иісі бар өсімдік текті заттан құтылмақ болған. Гашиш есірткісі болуы мүмкін деген күдікпен, иесімен бірге Қордай аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Қазақстаннан өз еліне қарай жаяулатып шығып бара жатқан 24 жастағы өзбекстандық «марихуана» есірткісін аяқ киімінің ішіне жасырып өтпек болған. Алайда арнайы үйретілген қызметтік иттің көмегімен Сарыағаш шекара отрядының «Жібек жолы» бөлімшесінің шекарашылары күдіктіні ұстады.

Алматы халықаралық әуежайында шекарашылар «Үрімжі-Алматы» бағытындағы CZ-6011 әуе рейсімен келген 1989 жылғы Латвия азаматын ұстады. Оның Мемлекеттік шекарадан өтуге құқық беретін құжаттары өте шеберлікпен, толықтай қолдан жасалыпты. Ұсталған азамат қайтадан Үрімжі қаласына депортацияланатын болады.

Өзгелердің жаңалығы